«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнеспен айналысу әйелдерге қиын ба?

2016 жылғы 04 Наурыз
- Павлодар облысы
12998 просмотров

Егер бұл сенің өмірлік арманың болса, бизнесвумен болу қиын емес дейді кәсіпкер Баян Үдербаева

Жап-жас екендігіне қарамастан, ол Павлодар облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің құрамына кірген.

Кәсіпкер «Рауан» білім беру орталығын басқарады, бұл істің ерекшелігі мен оны құру идеясының егжей-тегжейін сұхбат барысында айтып берді. 

– Баян Мұратқызы, балаларға арналған осындай орталық құру идеясы Сізге қайдан келді? Оның жұмысының мәнісі неде?

– «Рауан» білім беру орталығы  – 1 жастан 4 жасқа дейінгі сәбилердің ерте дамуымен айналысатын орын. Өмірінің бірінші жылында адамның ми жасушалары 60%-ға, екінші жылында – 80%-ға, ал қалған ғұмырымызда біздің миымыз бар болғаны 20%-ға дамитыны ғылыми түрде дәлелденген. Балаларды ерте жастан дамытудың міндеті баладан данышпан шығару емес, ең бастысы – баланың бойындағы шексіз ынта-жігер мүмкіндіктерін дамыту, өмірінде жағымды жайттардың көбірек болуына жол ашу.

Балаларды ерте жастан дамыту орталығын ашу идеясы маған қайдан келді дейсіз бе?

Менің тұңғыш балам дүниеге келген кезде, мен оның дамуы туралы ойға қалдым. Ерте жастан дамытудың неше түрлі әдістемелерін зерттедім. Баламен үйде айналысуға менің мүмкіндігім болмады, сол себепті балаларға білім беретін жақсы орталық іздестірдім. Өкінішке орай, ондайлар табылмады. Сол кезде екінші балам да дүниеге келіп, дамыту орталығын өзім ашуға шешім қабылдадым. Мен сияқты үй тіршілігі басынан асып жатқан, бірақ өзінің сәбиін жан-жақты дамытуға өте құштар аналардың көп екеніне көзім жетті.

– Сіз өз идеяңызды қалай шындыққа айналдыра алдыңыз?

– Бірінші кезекте, маған орталықты құрал-жабдықтармен қамту маңызды болды. Мен қолдың ұсақ моторикасын, сенсорика мен қозғалыс үйлесімін дамытуға арналған Монтессори модулін алдым. Материалды жақсылап жеткізу үшін біз интерактивті тақтаны қолданамыз.

Оған қоса, «педагогиканың жілігін шаққан» педагогтарды табу өте қажет әрі маңызды болды. Біздің мұғалімдерімізді балалар жақсы көреді, оларды жақын тартады және оңаша қалуға қорықпайды.

– Оқыту қолжетімді ме?

– Дағдарыс жағдайында біз баға саясатына өте мұқият қараймыз. Яғни, тұрмысы орташа ата-аналар өз балаларын біздің орталыққа әкелуге мүмкіндігі болуы үшін, біз демократиялық бағаларды ұстанамыз. Айталық, бір жастағы балалар үшін бір айлық абонемент бар болғаны 6000 теңге тұрады. Сондай-ақ, біз шағын балабақша сияқты, толық емес күн тобы қызметін де ұсынамыз, яғни ата-аналар өз баласын 4 сағатқа қалдыра алады. Бұл жағдайға арнап біз сыртқы бақылау камераларын орнатып қойдық, сондықтан да ата-аналар өз смартфонынан нақты уақыт режімінде өтіп жатқан  сабақтарды бақылай алады.

– Сіздің ойыңызша, өңірде әйелдер кәсіпкерлігі қалай дамуда? Қандай қиындықтар бар?

– Бүгінгі күні Павлодар облысында, статистика деректері бойынша, шағын және орта бизнестің 29,5% субъектісін әйелдер басқарады, жеке кәсіпкерлердің 46%-дан астамы – әйелдер. Бұл сандардың өзі-ақ бәрін айтып тұр. Әрине, жұмыс барысында қиындықтар да кездеседі. Осы мәселелерді талқылау және шешу үшін Іскер әйелдер кеңесі құрылған. Біз кездесулер ұйымдастырып, тәжірибеміз бен білімдерімізді алмасамыз, өзара тиімді келісімдер жасаймыз. Кеңес көптеген проблемалық мәселелерді жоюға көмектеседі, өзімізді тыңдатуға керемет мүмкіндік береді. Кеңестегі өте тәжірибелі әріптестеріміз ақыл-кеңес беруге, дұрыс шешім қабылдауға көмек көрсетуге әрдайым дайын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер