«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлердің қайырымды шаралары барынша насихатталауы керек – Эльдар Жұмағазиев

2018 жылғы 22 Маусым
- Жетісу облысы
7695 просмотров

Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бизнестің қатысуы мен қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру бойынша «Атамекеннің» бастамалары жайында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев мемлекеттік емес ұйымдар, бизнес және мемлекеттің «ASAR» үшжақты әріптестігіне арналған ІІ республикалық форумы барысында айтты. Аталған форум Талдықорған қаласында өтті.

Форумның негізгі тақырыбы жергілікті қоғамдастықтардың өңірдің тұрақты дамуына қосқан үлесіне қатысты болды. Іс-шара Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өтті.

Форум жұмысына ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, сонымен қатар бизнес-қоғамдастық, мемлекеттік құрылымдар, отандық және халықаралық мемлекеттік емес ұйымдардың 300-ге тарта өкілі қатысты.

Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, қазіргі таңда бизнес жоғары әлеуметтік жауапкершілікті көрсетіп отыр. Былтырдың өзінде 2 мың компания әлеуметтік кәсіпкерлікті жүзеге асыру мақсатында 122 млрд теңге қаржы жұмсаған.

 Осы ретте 2017 жылдың қаркүйек айында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің атаулы қайырымдылық шараларын өткізу бойынша бастамаларын қолдау үшін «Атамекенім» акциясын іске қосты.

Эльдар Жұмағазиев Ұлттық палата «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігімен бірге «Әр ауылға бір қамқоршы» бірегей жобасын бастағанын айтты. Спикер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудың негізгі тәсілдерін атады. Оған Әлеуметтік мәселелер картасы, Меценаттар тізілімі, Шешімдер топтамасы, экономикалық ынталандыру және моральдық көтермелеу бастамалары жатады.

«Жоба ауылды дамытудың қолдау құралы ретінде меценаттықты дамытуға бағытталған. Біз ауылдарға сараптама жүргізіп, оның нәтижесінде кәсіпкерлерге кешенді шешілуі тиіс Әлеуеметтік мәселелер картасын көрсетеміз», – деді Басқарма Төрағасының орынбасары.

Меценаттарды жобаға қатысуға қызықтыру үшін моральдық көтермелеу мен қолданыстағы салық жеңілдіктері мен артықшылықтарды түсіндіру қарастырылатын бірқатар ынталандыру шарасы таныстырылады.

«Түрлі көмек көрсетіп жүрген кәсіпкерлердің игі істерін барынша насихаттау керек. Мысалы, олардың есімдерін қандайда бір нысандарға беру немесе көрсету. Мемлекет басшысы да әлеуметтік жауапкершілікті танытып жүрген кәсіпкерлерді ынталандыру, көтермелеу туралы айтты», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Еске салсақ, республикалық үкіметтік емес ұйым, бизнес және мемлекеттің «ASAR»  үш жақты ынтымақтастық республикалық форумы 21 маусымда өз жұмысын бастады. Оның барысында түрлі алаңдарда шеберлік-сыныптары, case-study оқыту семинарлары мен дебаттар өтті. Мұнымен қоса asarprojects.kz әлеуметтік идеялар платформасында Үкіметтік емес ұйымның әлеуметтік жобалары таныстырылды. Бүгінде форум пленарлық және панельдік сессиялармен, зияткерлік конференциялармен жалғасып отыр. Форум өткізудегі негізгі мақсат – мемлекет, коммерциялық емес сектор және бизнес арасындағы тиімді ынтымақтастық платформасын құру.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер