«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Заңсыз тіркелген кәсіпкер үшін кім жауапты?

2016 жылғы 26 Мамыр
- Павлодар облысы
12358 просмотров

Павлодар облысында прокуратура салық қызметкерлерінің корпоративтік төлем салығы (КТС) салу әрекеттерін заңсыз деп отыр

Заңсыз тіркелген деп танылған кәсіпорындармен келісім-шартқа отырғаны үшін кәсіпкерлерге корпоративтік кіріс салығын салған салық органдарының әрекеттері қаншалықты заңды?

Осындай қиындыққа тап болған 10 бизнесмен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесіне жүгініп, онда аталған мәселе бірнеше мәрте қаралған болатын.

Туындаған жағдай өңірлік палата алаңында бірнеше рет талқыланып, бірыңғай тоқтамға келу мақсатында мәселе Кеңес талқылауына берілген.

Мәселенің мәні мынада: Салық кодексінің 115-бабында  шегеруге келмейтін шығындардың толық тізімі берілген. Бұған қоса, бұл тізімде сотта заңсыз тіркелген деп танылған заңды тұлғамен келісімге отыруға кеткен шығындар есепке алынбаған. Алайда, салықтық қызметтер кәсіпкер қолында тиісті құжаттардың болуына қарамастан, тізімге бұл шығындарды қоспай, заңға қайшы әрекет етіп отыр.

ӨКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Нәбиевтің айтуынша, былтырғы жылдың желтоқсанында бұл мәселе «Атамекен» Палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесі отырысында талқыланған. Онда Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі бұған дейін жасалған хабарламалар қайтарылатын болады және бұл тапсырма салықтық қызметтердің аумақтық бөлімшелеріне де жүктелетінін хабарлаған. Десек те, өңірлік кәсіпкерлер палатасына келіп түскен шағымдар саны кәсіпкерлер құқығы әлі де аяққа тапталып отырғанына дәлел болып тұр.

Облыс прокурорының орынбасары Қуат Артықбаев Бас прокуратура салық қызметкерлерінің бұл әрекеттері заңсыз екенін нақты айқындап отырғанын айтты. «Олар кәсіпкердің сот заңсыз тіркелген деп тапқан заңды тұлғамен келісім жасау кезіндегі  шығынын алып тастауға құқылы емес», – деді ол.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес ӨКП-ге бұған дейін бизнес субъектілеріне жіберілген хабарламаларды қайтарып алу туралы Мемлекеттік кірістер департаментіне, ал кәсіпкерлер құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу деректері қайталанса, айыптыларды жауапкершілікке тартуды сұрап, өкілетті мемлекеттік органға жүгінуді  ұсынып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер