Ауылдағы бизнесті қайтіп жандандырса болады?
Ауылдықтарды алаңдататын проблемалар, ауылдағы бизнестің қиындықтары Кәсіпкерлер палатасы басшылығының Аққу ауылының кәсіпкерлерімен болған көшпелі кездесуінде сөз болды
Жергілікті жерлерде ауылдықтармен кездесу әрдайым мол ақпаратқа қанығып, ауылды мекен тұрғындарын мазалайтын нақты проблемалар шоғырын анықтауға мүмкіндік береді. Сөйтіп, бірден болмаса да, біртіндеп кезең-кезеңмен жоспарлы жұмыстың нәтижесінде күрделі жағдаяттан шығудың жолдары көрініс береді.
Сонымен, «Қайрат» шаруа қожалығының басшысы атап өткендей, аудан шын мәнінде бақша өсіруші шаруашылық саналады. Соңғы жылдары бақша өсірушілер өндірістің көлемі мен қарқынын арттырды. Айталық, тек «Қайрат» ШҚ ғана 1500 гектар бақша егеді.
Қазіргі заманғы экологиялық ахуалды ескере отырып, органикалық егіншілікпен айналысу қажеттігі өткір талқыға түсті. Бұл туралы заң өткен жылдың соңында қабылданған болатын. Егіншіліктің бұл түрі еуропалық елдерде тым танымал, олар, ең алдымен, алынатын өнімнің сапасын және халықтың денсаулығын ойлайды.
Оған қоса, Аққу ауылының бағбандары Қазақстанда теңдесі жоқ асқабақтың дәндерін қайта өңдеуді іске қосу жоспарын қолға алды.
Жаңадан бастаған кәсіпкерлер банктерге кепілдік қоюды қамтамасыз ету мәселесінде қолдау көрсетуді өтінді. Істің мәнісі банкирлердің ауылдағы үйді кепілдікке қойып, несие беруге қырын қарайтынында болып отыр. Көбінесе қалалық кепілдікті талап етеді және негізінен, жұмыс істеп тұрған бизнесті қолайлы көреді.
Қордаланған проблемаларды айқындай келе, Өңірлік кеңестің мүшесі Райхангүл Сатабаева бүкіл мәселені мұқият талдап, кезең-кезеңмен қарастыру керектігін атап айтты. Әйелдер кәсіпкерлігінің проблемалық мәселелерін бірлесіп шешу үшін ауданның Іскер әйелдер кеңесі сайланған болатын, оның төрайымы болып Баян Усманова бірауыздан сайланды.
Кездесуде Палатаның аудандық филиалының атына ауылда кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне белсенді қолдау көрсеткені үшін алғыс сөздер айтылды.
Ауданда «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті дамыту және қолдау бағдарламасы аясында мемлекет қолдау көрсеткен жаңа кәсіпорындар іске қосылғаны көпшілікті қуантады.
Мысалы, Бейбіт Өмірзақов пластик терезелер шығаратын цех ашқан. Палата филиалы кәсіпкерге жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертіп, инженерлік желілерді жүргізуге көмек көрсеткен.
Таяуда Эльмира Исаинова «Айсұлтан» атты кондитерлік цех ашып, ауылдастарын тәтті өніммен қуантып келеді. Цех бірнеше ауылдық тұрғынды жұмыспен қамтыды. Жас бизнес-ханымның жоспарында – өндірісті және өткізу нарығын кеңейту міндеті тұр.
Табиғи материалдардан былғары аяқ киім жасайтын «Рымхан» кәсіпорны істі сәтті бастады. Өз ісінің шебері Хадис Бейбіт алған қаражатына Қытайдан жеке адамдарға аяқ киім тігуге арналған қажетті құрал-жабдық сатып алды.
Аяқ киім өнімдері жақсы сұранысқа ие және қазірдің өзінде жағымды пікірге ие болғанын атап айтқан жөн.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: