Диқан әйел
Ақсу ауданындағы кәсіпкер әйел фермерлікпен тек ерлер ғана шұғылданады деген қатып қалған қағиданы жоққа шығарды
Гүлмира Ұлықпанова міне бірнеше жылдың жүзі болды, фермер шаруашылығын жүргізуде әйелдердің ерлерден кем түспейтінін айғақтап келеді.
Фермер-әйел – диқаншылықты жаңадан бастаған жан. Осыдан 5 жыл бұрын картоп еге бастады. Алғашқы кезде бизнес жүргізуде қиыншылықтарға кезікті. Алайда бастаған екенсің, тастама дегендей, Гүлмира алғашқы қиындықтарға мойымады, қайсарлана алға ұмтылды.
Енді міне диқаншы әйел бизнесін одан әрі кеңейтуді жоспарлауда. Ақсу қаласындағы Кәсіпкерлер палатасы филиалы бизнесті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын түсіндірді.
Филиал 2015 жылы және ағымдағы жылы кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуда қолданылып жүрген шаралар бойынша 1987 кеңес берді.
Осы жылдың басынан бастап «Жұмысқа қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 13 адам 45 млн теңгеден астам сома қаржы алды.
«Жер ерекше, қамқор иесін күтеді. Бұрын бұл жер тың жатқан жер еді. Біз игере бастадық. Алғашқы жылдары өнім ала алмадық. Соңғы үш жылда ғана еңбегіміздің жемісін көріп келе жатырмыз», – дейді фермер.
Гүлмира Ұлықпанова жұмыс күнін қолына бір уыс топырақ алып, қасиетті жермен сырласудан бастайды.
Ол жұмыс жасағанда ешкімнен қалыспайды, топырақты аялап, өңдейді және алар астығы да жақсы.
Өткен жылы жаңадан бастаған диқандар дән риза болысты. Гектарына 300-400 центнерден картоп алды. Сәбіз 45-50-ден. Жоспарда егін алқабын кеңейту тұр.
Гүлмира – осы өңірдегі еңбекқор диқаншы әйел. Өз ісіне мығым жан. Агротехниканы ұтымды жүргізеді. Үнемі топырақ өңдеудің жаңа тәсілдерін енгізеді. Оның ауыл шаруашылығы техникасына әріптестері де қызыға қарайды.
Механизатордың көмекшісі Әділ Саматов былайша сыр бөліседі: «Біз өткен жылы алған сәбіз тұқымын сепкіш өте тиімді болып шықты. Тұқымды сапалы себеді, дән ризамыз».
Гүлмира Ұлықпанованың арманы – жайқалған егінді далада тұру. Осы жерден үй салмақшы. Түгін тартсаң, майы шығатын қасиетті жерде таңмен таласа тұрады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: