«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес-омбудсмен беделі кәсіпкерге көмегін тигізді

2016 жылғы 07 Қыркүйек
- Павлодар облысы
10637 просмотров

Павлодарлық компания бірнеше жылдан бері мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыннан 1,8 млн теңге көлеміндегі қарызын ала алмай келген

«ЛесСтройПромKZ» ЖШС-ның құрылыс материалдар нарығында жұмыс істегеніне 5 жылдан асқан. 2013 жылы серіктестік квазимемлекеттік сектормен қарым-қатынас орнату мәселелеріне тап болған. Фирма бірнеше жылдан бері «Ертіс-Бейнесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнынан қалалық аумақтардағы қоршауларды жөндеу және орнату кезінде көрсеткен қызметтерінің ақысын ала алмай келген. ЖШС директоры Арлен Смағұловтың айтуынша, жұмыстар толық әрі уақытында жүргізіліпті. Ол туралы орындалған жұмыстардың актісінде де көрсетілген. Алайда, кейіннен келісімшарт бойынша есептесу кезінде бірқатар мәселелер туындайды.

ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою бөлімінің басшысы Лашын Баймағамбетова, мемлекеттік мекемелердің сот шешімдерін орындауы бойынша Үкіметтің қаулысы бар екенін атап өтті. «Заң шығарушы орындар мемлекеттік мекемелердің сот шешімдерін орындауының нақты тәртібін белгілеп қойған. Өкінішке қарай, біздің тәжірибемізде, мемлекеттік мекемелер тарапынан ұзақ уақыт бойы сот шешімін орындамау жағдайлары көп кездеседі. Шын мәнінде, осы мәселемен бетпе-бет келген кәсіпорындар өздеріне тиесілі қаражатты тартысып жүріп алуға мәжбүр», – деді Лашын Баймағамбетова.

Айта кетерлігі, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін осындай жағдайлардың шешімін табу Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бизнес-омбудсмен институтының қызметіндегі негізгі бағыт  болып табылады.

Болат Палымбетов Павлодар облысына іссапары барысында кәсіпкерлерді тікелей қабылдаған болатын. Қабылдауда болған Арлен Смағұлов та өзінің жеке мәселесімен бөлісті.

Кәсіпкердің айтуынша, омбудсменге жүгінгеннен кейін мәселе оң шешімін тауып, тиісті төлемдер түсе бастаған. «Шынымды айтсам, Палатаға өз мәселем бойынша бұрынырақ жүгінбегеніме өкіндім. Олар расымен де бизнестің мүддесі үшін жұмыс істеп келеді», – деп ағынан жарылған Арлен Смағұлов қуанышын жасыра алмады. Сондай-ақ, тағы бір қуантарлық жағдай, «Кәсіпкерлік туралы» заңын жетілдіру аясында енгізілген жаңашылдық болып отыр. Ол өз кезегінде, Қазақстандағы бизнесті мемлкеттік органдар тарапынан болатын заңсыздықтардан қорғауға және кәсіпкерлердің атқарушы билікке сенімін күшейтуге жол ашады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер