Студентке жаңа комбайнды сеніп тапсырды
Қашырдағы жергілікті колледж студенттерді тәжірибеден өткізу үшін, шаруа қожалықтарымен бірлесе жұмыс жасап жатыр
Қашыр аграрлық-техникалық колледжі алдына кәсіптік білім беруді енгізу міндетін қойған. Мұндай кәсіптік білім берудің ерекшелігі – онда тәлімгерліктің дамыған институты қалыптасқан, тәжірибеге басымдық беріледі және кадрларды даярлауға кәсіпкерлер белсенді атсалысады.
Колледж директоры Сәуле Сәдуақасованың айтуынша, фермерлік мамандықтар сұранысқа ие болуы үшін студенттерді дуальды білім беру жүйесін енгізу арқылы ынталандыру қажет.
Бір айта кетерлігі, дуальды оқытудың теориялық бөлімі білім беру мекемесінде өтсе, тәжірибе сабақтары – жұмыс орнында өтеді. Бұл тұста, жұмыс берушінің рөлі арта түсетінін де назарға алған жөн.
«Білім ордасы шаруа қожалықтары мамандарын дайындайды. Колледжде барлығы 115 студент оқиды. Олар тракторист-машинистер, аспаздар, бухгалтерлер. Дуальды білім беру оқу процесінде теория мен тәжірибені бірге алып жүруге жол ашылады. Студенттер теориялық білім алып қана қоймай, сондай-ақ оқығандарын тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік алады», – дейді Сәуле Сәдуақасова.
Студенттер оқудың көп бөлігін теориялық сабақтарға қарағанда серіктес-кәсіпорындарда өткізеді екен. Мәселен, Александр Качкаев «Тракторист-машинист» мамандығы бойынша оқиды. Студенттің пікірінше, дуальды білім берудің артықшылықтары көп екен. Әсіресе, оқуды тәмамдағаннан кейін жұмысқа орналасуға бұл жүйе таптырмас көмек дейді оқушы. Осылайша, «Вильгельм» шаруа қожалығы оған теориялық білімін тәжірибеде көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа комбайн табыстапты.
Тағы бір ескере кетер жайт, мұнда тәжірибесі мол фермерлер тәлімгер ретінде бекітіледі екен. Владимир Писегов та Вернеский ауылдық округі алқаптарында өзінің теориялық білімін тәжірибеде пайдаланып көрген. Осы орайда, студенттерді материалдық тұрғыда ынталандыру туралы да айта кеткен жөн. Мысалы, шаруа қожалығының басшысы Иван Писеговке ай сайын 30 000 теңге көлеміндегі шәкіртақы тағайындапты.
Палатаның Қашыр ауданы филиалының директоры Мұсағит Омаров ауданның әр шаруа қожалығы білікті маманды қажет ететітін жеткізді. Әсіресе, бүгінгі күні, жаңа технологияларды енгізу – табысты бизнестің кепілі болған уақытта, бұл мәселе тіптен өзекті болмақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: