Жер шекарасын айқындаған жөн
Облыста үш кәсіпорын арасында дау туындады
Дауға себеп болған құзырлы органдардың бейқамдығы және жер мәселесі: «Ақжар-Өндіріс» ЖШС мен «Дулат» шаруа қожалығы құқықтық жағынан «даулы» жер телімдерінің заңды иелері болғанымен, өз аумақтарында көмір өндіріп жатқан «Директ» ЖШС-ға сөздерін өткізе алмай келеді. Соңғысының жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарты бар. Алайда мемлекеттік органның жер телімдерін пайдалану туралы шешімі кәсіпкерлер арасындағы даулы жағдайға себепші болып отыр.
«Барлық заңнамалық нормалар бойынша жер телімі біздің ЖШС-ға тиесілі. Біз салықты дер кезінде төлейміз. Алайда 5 жылдан бері мемлекеттік органдар мәселемізді шешіп бере алмай келеді. Біз сотқа да жүгіндік. Шешім біздің пайдамызға шығарылды, бірақ бүгінгі күнге дейін ешкім шара қолданған жоқ», – деп наразылық танытты «Ақжар-Өндіріс» ЖШС өкілі. Шаруа қожалығының басындағы жағдай да осындай.
Мәселе ӨКП жанынан құрылған Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің талқысына шығарылды. Кеңесте Палата сарапшылары жер заңнамасы өрескел түрде бұзылғандығын анықтағандарын мәлімдеді. Дәлірек айтар болсақ, құзырлы органдар «Директ» ЖШС-ның жер телімдерінің шекарасын өлшеп, анықтауға барғанда жер телімінің бар екендігі немесе жер теліміне тыйым салынбағандығы туралы деректі бекітпеген.
Орын алған жағдайды және Кәсіпкерлер палатасы жұмысының бір бағыты бизнестің барлық субъектілерінің құқықтарын қорғау екенін ескере отырып, Кеңес мүшелері қосымша тексерістер жүргізіп, жер телімдерінің шекараларын құжатпен бекіту туралы туралы шешім шығарды.
«Біздің басты міндетіміз – кәсіпкерлердің құқықтарына қысым жасауға жол бермеу. Бұл мәселеде бизнесмендер мемлекеттік органдарға өзінің дұрыстығын дәлелдеуге мәжбүр болды. Даулы жағдай орын алып, салдарынан бизнесмендер уақытын пайда табуға емес, ал керісінше, түрлі талап арыздар бойынша шығындарын жабуға жұмсады. Аталған мәселе Кеңесіміздің бақылауында болады, қажет болған жағдайда немесе дау бұдан кейін де шешілмеген жағдайда Кеңес соңғы шешімге дейін қайта шақырылатын болады», – деп түйіндеді Кеңес мүшелері.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: