«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Киіздің құндылығы зор

2016 жылғы 10 Қазан
- Павлодар облысы
8063 просмотров

Ауыл-аймақта жүнді өткізу мәселесі өзекті болып тұр

Ауыл фермерлері ұсақ қара мал жүнін қайда сатып өткізерін білмей дал болып отыр. Себебі, жүздеген тонна жүн қоқысқа тасталып жатыр.

Аталған мәселе Кәсіпкерлер палатасы басшылығы аралаған облыстың әр ауданында кездеседі.

«Мәселе өте өзекті. Алайда, шешімі жоқ. Қой және ешкі жүнінен көптеген тұрмысқа қажет бұйымдар жасауға болады. Мысалы, киіз үйлер. Наурыз мейрамын тойлау кезінде, киіз үйлерді жалға алу қиын әрі қымбат. Десек те, біздің кәсіпкерлерге осы бизнес түрімен айналысуға мүмкіндік туып отыр. Оған қажет материал әр ауылда бар. Аталған бизнес түрі еліміздің оңтүстігінде жақсы дамыған. Олардың тәжірибесіне неге сүйенбеске? Біз Кәсіпкерлер палатасы ретінде жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз», –деді Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы Райхангүл Сатабаева.

Шарбақты ауданының кәсіпкері Галина Воронкова ӨКП басшылығымен кездесу барысында аталған мәселені шешуге септігін тигізуге әзір екенін жеткізді. Оның «Золотое руно» ЖК киізден киім-кешек, аяқ киім, кәдесыйлар, ойыншықтар мен түрлі әшекей бұйымдар жасаумен айналысады. Ол материал көлемі жеткілікті болса, өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа бұйымдар даярлау технологиясын үйренуге әзір екенін жасырмады.

Алайда, ауыл тұрғындарын алаңдаушылығы мұнымен бітпейді.

Басшылықтың Ақтоғай ауданына сапары барысында ауыл кәсіпкерлері қажетті мамандардың жетіспейтінін, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатудағы түйткілді мәселелерді алға тартқан.

Шарбақты ауданы кәсіпкерлері жем-шөп мәселесін шешу үшін несие алуға көмектесуді сұрап, өтінім білдірген. Сонымен қатар, көпшілік ауыл шаруаларына қолданыстағы жеңілдіктер бойынша ақпараттық семинарлар өткізу туралы өтініш айтқан.

«Көргеніміздей,түйткілді мәселелер жетіп артылады. Олардың әрқайсысы бойынша Кәсіпкерлер палатасы тиісті шараларды қолға алады. Облыстың ең шалғай аумағында орналасқан елдімекендегі кәсіпкер Өңірлік палатаға жүгініп, түрлі мәселелер бойынша кеңес алуға мүмкіндігі бар екенін білуі керек», – деп атап өтті ӨКП директоры Серік Байсейітов.

Облыстық палата басшылығының ауыл кәсіпкерлерімен жүздесу сапарлары әлі де жалғасуда. Басшылық алдағы уақытта тағы да бірқатар аудандарға бармақ. Осылайша, Палата шешілмеген мәселелерді өз бақылауына алып, ауыл бизнесіндегі кедергілерді азайтуға ықпал етпек. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер