Картада әр өңірдің ерекшелігі ескерілген
Павлодарда «Ертіс Инвест-2016» атты жыл сайынғы халықаралық инвестициялық форум өтті
Форумға қатысуға тіркелген 500 қатысушының 200-і қазақстандық кәсіпкерлер. Қонақтар арасында Ресей, Беларусь, Қытай, БАӘ, Польша, Ұлыбритания, Австрия, Германия және Франция өкілдері болды.
Форум барысында ұйымдастырылған облыстық инвестициялық жобалар көрмесінің маңызы зор болды. Ол жерде 47 стенд, инвестиция салуды қажет ететін 15 жоба, павлодарлық жоғарғы оқу орындарының 15 стартапы мен инновациялық жобалары, сонымен бірге Павлодар облысындағы аудандар мен қалалардың инвестициялық мүмкіндіктері көрсетілді.
Форумда Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы таныстырылды. «Инвестициялардың рентабельділігін зерттеу агенттігі» ЖШС басқарушы директоры Арыстан Ғалиев таныстырылым барысында бұл жоба кәсіпкерлердің көптеген мәселелерін жеңілдететінін жеткізді.
«Аталған порталды жасау кезінде біз өңірде нені дамыту керек, өңірдегі нақты бизнес-орта қандай, қолда бар мүмкіндіктерді кім дамыта алады деген негізгі үш сұраққа жауап беруді мақсат еттік. Бизнестің дамуына кері әсер ететін кедергілерді анықтау бойынша үлкен жұмыстар жасадық, елдің әр өңірінің ерекшеліктерімен таныстық. Осылайша, бүгінгі таңда Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасының республикадағы болашағы зор, ол инвестициялық бизнес-жобаларға қол жеткізуге мүмкіндік жасап отыр», – деді Арыстан Ғалиев.
Спикер Картаның еліміздегі бизнес-қоғамдастықтар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Мәселен, порталға 1 млн 700 мың қолданушы кірсе, оның шамамен 400 мыңы тұрақты клиенттер болып саналады, орташа есеппен портал күніне 10 000 рет қаралады, олардың қатарында шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер де бар.
Инвестициялық жобалар көрмесінде аталған Картаға енген жобалар да болғанын айта кету керек. Жекелей алғанда, инвесторларға 2000 гектар жерге ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін «Рамазанов» шаруа қожалығының жобасы ұсынылды.
Форум аясында Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Беларусь Республикасының «Гомельское отделение БелТПП» кәсіпорны арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл қадам сыртқы экономиканың дамуы, туристік байланыстар, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерінде екі өңірдің кәсіпкерлеріне тиімді көмек ұсынары сөзсіз.
Сонымен қатар форум аясында кәсіпкерлер әлеуетті серіктестер және әкімшілік басшылармен кездесті, сонымен бірге өз жобаларын таныстырып, мемлекеттік қолдауға мұқтаж екендіктерін жеткізді. Шара барысында Demo Day бизнес-жобалар аукционы және StartUp академиясы ұсынған «Interprise’s solutions» деп аталатын кейстер байқауы өткізілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: