«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Балабақша жабылмайды

2016 жылғы 03 Қараша
- Павлодар облысы
7414 просмотров

Павлодардағы сауықтыру-дамыту орталығына қатысты бірқатар мәселелер оң шешімін тапты

Естеріңізге сала кетейік, облыстық Кәсіпкерлер палатасына, СЭС (Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет) органдарынан рұқсат құжаттарын алуға көмек сұрап, балабақша директоры Ризагүл Тұрсынова келген еді. Балабақшаға жабылып қалу қаупі төніп, кәсіпкер өз қызметін толыққанды атқара алмай келген. Дәлірек айтсақ, балаларды тамақтандыру және медициналық қызметті жүзеге асыру қызметін жүзеге асыра алмаған.

«СЭС органдарының тексеруінен кейін, кейбір заңбұзушылықтарды жою қажет болды. Алайда, ол үлкен сомадағы қаражатты қажет етті. Сол себепті, мемлекеттік органның талаптарын тез арада орындау мүмкін емес еді. Осы себепті, біз балабақша қызметін жалғастыруға қажет рұқсат ету құжаттарын ала алмадық. Біздің бизнеске жабылу қаупі төнді. Сондықтан Кәсіпкерлер палатасына құқықтық қолдау көрсету және мәселеге атсалысу мақсатымен жүгінген едік», – дейді балабақша директоры.

Мәселенің мән-жайына көз жеткізу мақсатында, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, барлық тараптардың қатысуымен арнайы жұмыс тобының кездесуін өткізді. Онда облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті кепілдеме хат әзірлеп, оның негізінде, кәсіпкерге орын алған заңбұзушылықтарды жоюға қажет уақыт берілген.  

Айта кетерлігі, кәсіпкер балабақша жұмысына, бұрын-соңды мұндай мекемелердің ешқайсысында болмаған қызмет түрлерін енгізуді жоспарлап отыр екен.

«Алдағы уақытта мен невропатолог, физиотерапевт және педиатр секілді медициналық қызметтерді ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Мұның бәрі ата-аналардың уақытын үнемдеуге жол ашпақ. Балабақша тәрбиеленушілері білікті кеңес алып, балабақшада емделу үшін жолдаманы осы жерден алмақ. Алайда, ол үшін, арнайы қорытынды мен лицензия алу қажет», – дейді Р.Тұрсынова.

Бүгінгі күні, Кәсіпкерлер палатасы сарапшылары араласып, тамақтандыру және медициналық кабинет бойынша, қызмет түрлерін енгізу мәселелері шешілген. Яғни, балабақшаға тәрбиеленушілерді тамақтандыру құқығы берілген. Ал, медициналық қызмет көрсетуге рұқсат, арнайы лицензияны алғаннан кейін берілмек. Айта кетерлігі, лицензия алу ісі де Палата сарапшыларының сүйемелдеуімен жүзеге асырылып жатыр. 

«Біз медициналық кабинет және тамақтану қызметіне рұқсат алып бердік. Қазір медициналық қызметке қажет лицензияны алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әзірге, қолымызда рұқсат беру қағаздары бар. Жыл соңына дейін, аталған мәселе өз шешімін табады деп ойлаймын», – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімі басшысы Лашын Баймағамбетова. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер