Сарапшылар тәжірибелерімен бөлісті
Облыста мемлекеттік бағдарламасы аясында Агробіліктілік орталығының ұйымдастыруымен фермерлерге арналған семинар өтті
Семинар Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Ақжар Өндіріс» агрофирмасы ЖШС-нің қолдауымен өткізілді.
Бұл жолы мал өсірудің, бордақылаудың, ет өңдеудің заманауи тәсілдері талқыланды. Павлодардағы жоғары оқу орындарының біріндегі «Биотехнология» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, осы облыстағы сарапшы Құралай Исаева ауыл шаруашылығына қатысты сауалдарға жауап беріп, бірқатар маңызды дүниелер бойынша тың ақпараттармен бөлісті.
Етті ірі қара мал өсірудің ерекшелігі, оларды дұрыс азықтандыру мен қажетті жем-шөп дайындау мәселесі сөз болды. Сарапшы жем-шөп дайындаудың және малды өріске шығарып бағудың тәсілдері туралы айтты.
Құралай Исаеваның айтуынша, бордақылау мен ет өңдеу үшін терең білім мен өзгеше амалдар қажет.
«Мәселен, мәрмәр ет жасаудың арнайы технологиясы бар, ол үшін еттің қандай түрін қолдану керектігі, өндіру тәсілі туралы білу керек. Бұл салада өндірістік нысанның санитарлық талаптарға сәйкестігі маңызды рөл атқарады, өте жақсы дамыған инфрақұрылым болуы шарт, арнаулы автокөліктермен қамтылуы тиіс, мал сою орындары тазалығы, ет сақтайтын тоңазытқыштар дайындалуы керек. Қолдан келсе, ет қалдықтарын өңдейтін инновациялық технологиялар болғаны дұрыс. Осының бәрінің орындалып жатса көздеген мақсатқа жетуге әсіресе, сапалы ет өнімін шығаруға көмектеседі», – деп атап өтті сарапшы.
Семинар бағдарламасына агроөнеркәсіптік кешен саласындағы салық жеңілдіктеріне, субсидия түрлеріне қатысты мемлекеттік қолдау мәселелері кірген. Сарапшы фермерлерді ауылшаруашылық кооперивтеріне бірігуге шақырды, мұндай ұйымның кірісті ұлғайтып, шаруа қожалықтарына кететін шығынды азайтатыны, баға саясаты тиімді болып, сату дұрыс жолға қойылып, ветеринарлық және қызмет көрсету қолжетімді бола түсетінін айтты.
Теорияны тәжірибе жүзінде нақтылау үшін, семинар ет және еттен жасалатын консервілер шығарумен, қымыз өндірумен айналысатын «Ақжар Өндіріс» агрофирмасы ЖШС-нің базасында жалғасты.
Бұл «бұқтырылған сиыр еті», «бұқтырылған қой еті», «ет-ботқа» консервілерін шығаратын өңірдегі бірден-бір кәсіпорын. Олар өндіретін өнімнің бәрінде «ЭКО» белгісі бар. Кәсіпорынның бес мыңнан астам қойы, мың жарым жылқысы, екі жүз бастан астам ірі қара малы бар, сондықтан кәсіпорынды өз шикізатымен қамтамасыз етеді.
Семинарға қатысушылар шеберлік сабағында ет өндіру мен өңдеуге қатысты тың ақпараттар алып, семинар соңында оларға арнайы сертификаттар табыс етілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: