Есебім түгел болсын десең...
Бухгалтерлер клубының кезекті жиналысында еңбек заңнамасындағы өзгерістер мен жаңалықтарға қатысты мәселелер көтеріліп, оның ішінде жаңа енгізілген талаптар да талқыланды
Облыстық еңбек басқармасының еңбек қарым-қатынастарын қадағалау бөлімінің басшысы Қанат Тәженов тиісті заңнамадағы өзгерістер мен жаңалықтар туралы айтып өтті. Жекелей алғанда ол, кәсіпорынды тексеруге ненің негіз болатынын, бухгалтерлер мен кадр ісі жөніндегі мамандар қандай қателікті жиі қайталайтынын, қызметкерлерге жаңа өзгерістерге сай еңбек демалысын берудің ретін айтып түсіндірді.
«Көп жағдайда кәсіпорындар қандай жұмыс орыны бос екенін айтып, ескертпейді, ал заң бойынша жұмыс орыны босай қалса, үш күннен соң ол міндетті түрде жұмыспен қамту органдарына хабарлануы тиіс. Сонымен қатар Еңбек кодексінде бекітілген нақты тізімнен тыс құжаттарды талап етуге болмайды. Көбінесе тексеріс кезінде қосымша анықтама сұратқандары анықталып жатады. Ондай болмау керек», – деп атап өтті Қанат Тәженов.
Қызметкерге еңбекақысы туралы міндетті түрде ақпарат беру көп қозғалған мәселелердің бірі болды.
«Бухгалтерден еңбекақысы туралы нақты ақпарат ала алмаған қызметкерлер жиі шағым түсіреді. Ол аз десеңіз, бухгалтерлердің дөрекілігіне төзуге мәжбүр, ал шын мәнінде тек заңды еңбекақысы туралы ақпарат сұрайды. Ондай кезде кәсіпорынға тексеріспен баруға мәжбүрміз, алайда егер қызметкерге еңбекақы берудің тәртібін дұрыстап түсіндіріп отырса, мұндай дүниелерді болдырмауға әбден болатын еді», – деді Қанат Тәженов.
Жалпы алғанда кәсіпорын бухгалтерлері клуб жұмысы оларға оң әсер етіп жатқанын атап өтті.
«Клубтың тек бірнеше жиыны өтті, кездескен сайын күнделікті жұмысымызға қатысты құнды ақпараттар алып жүрміз. Кәсіпорында біз қарбаластан бас көтере алмай жатамыз, ал Клубқа келіп ортақ мәселені талқылаймыз, жауапты мамандардың көмегіне сүйене отырып, олардың шешімін табамыз», – деп кездесуге келгендер өз ойымен бөлісті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: