«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Отшашудың қаупі көп

2016 жылғы 22 Желтоқсан
- Павлодар облысы
6166 просмотров

Төтенше жағдайлар қызметі кәсіпкерлерге Жаңа жыл мерекесінде орын алатын оқыс оқиғалардың алдын алу шаралары туралы баяндап берді

Пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қатысты маңызды заң баптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру мақсатында Өңірлік кәсіпкерлер палатасына құзырлы органдардың өкілдері шақырылды.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні, пиротехникалық бұйымдарды сатуға тек тиісті лицензиясы бар кәсіпкерлер ғана құқылы екен.

«Ең алдымен, қауіпсіздік туралы естен шығармаған жөн. Азаматтарға қарапайым ережелер мен талаптарды орындаудың қаншалықты маңызды екенін жеткізе білуіміз керек. Мұндай бұйымдарды сату барысында, міндетті түрде кеңесші болуы тиіс. Ол сатып алушыға аталған бұйымдарды қалай қолдану қажеттігі туралы түсіндіріп, оларды пайдалану барысында орын алуы мүмкін оқыс оқиғалардың алдын алуы қажет», – деп атап өтті Павлодар облысы ІІД Әкімшілік полициясы басқармасының өкілі Бақытжан Тұяқбаев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, қоғамдық тамақтану орындарының, мейрамханалар мен дәмханалардың жетекшілері аталған нысандар аумағында пиротехниканы қолданушыларға, оларды ғимараттан және оны тамашалайтын көрермендерден кем дегенде 30 метр қашықтықта пайдалану тиіс екенін түсіндіру керек. Сондай-ақ, ол мұндай «дабылға» тек сағат 23.00-ге дейін ғана рұқсат етілетінін атап өтті.

Кәсіпкерлер, бұдан бөлек, жаңа жыл қарсаңында кәсіпкерлік нысандарды қауіпсіз безендіруге қатысты пайдалы ақпараттарға қанық болды.

Осылайша, Төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Қайыргелді Әлімхан, тіпті жаңажылдық шыршаны орнатқан жағдайда да, барлық ережелер орындалуы тиіс деді.

«Мерекенің негізгі бөлігі болып саналатын жаңажылдық шырша тірекке орнықты түрде бекітіліп, ондағы гирляндалар тек зауыттан шығарылған болуы тиіс және олардың кернеуі 25 вольттан аспауы керек», – деп қадап айтты маман.

Жиынға шақырылған мамандардың айтуынша, тек аталған ережелерді ұстанған жағдайда ғана, қоғамдық орындарда қауіпсіздік сақталып, мереке оқыс оқиғаларсыз өтеді. 

Кәсіпкерлер өз кезегінде, айыппұл төлеу және әкімшілік жауапкершілікке тарту жайттарының алдын алуға жол ашатын көкейде жүрген сауалдарына тиісті жауап ала алды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер