«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жанармай бекеттеріне жабылу қаупі төніп тұр

2017 жылғы 24 Қаңтар
- Шымкент қаласы
17782 просмотров

Оңтүстік Қазақстандағы автожанармай құю бекеттерінің (АЖҚБ) иелері бензин бағасын мемлекеттік реттеуді қайта енгізу туралы өтініш айтып отыр

ОҚО-да орын алған күрделі мәселе салдарынан, 300-ден астам шағын және орта ЖЖМ (жанар-жағармай) сатушылардың бизнесі күйреуі мүмкін.  Кәсіпкерлердің мұндай мүшкіл жағдайға түсуінің бірден-бір себебі – өтімділігі жоғары бензин түрлерінің бағасы мемлекет тарапынан реттелмей отыр. Бұл туралы жергілікті АЖҚБ жетекшілерімен өткен жиында, ОҚО бойынша «Жанар-жағармай» қауымдастығы төрағасы Қайыпбек Қамбаров  мәлімдеді. Оның айтуынша, егер мұнай өнімдерінің бағасы мемлекеттік тұрғыдан қайта реттелмесе, отын нарығындағы ірі компаниялар шағын және орта бекеттерді жойып жіберуі мүмкін. Тіпті, бүгінгі күннің өзінде, ОҚО-да ЖЖМ сатумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерінің әрбір бесіншісі өз қызметін тоқтатқан көрінеді. Жиынға, сонымен қатар, мәселені тікелей өз бақылауына алады деген мақсатпен облыс әкімінің орынбасары да шақырылыпты.

«Әзірге, еліміз бойынша мұнай өнімдеріне деген сұраныс толығымен қамтамасыз етілмей, олардың бағасының босатылуы, әсіресе, «халықтық» деп танылған АИ-92 бензині бағасын мемлекеттік реттеу құзыретінен алып тастау, шалағайлықпен қолға алынған, асығыс шешім деп ойлаймыз. Мұнай өнімдері бағасын реттеу қажет және оны тез арада қайта қалпына келтіру керек. Себебі, біздің мемлекетіміз импортқа тәуелді ел және мұнай өнімдерінің 30 %-дан астамы сырттан әкелінеді», – дейді Қ.Қамбаров.

Бұған дейін, мемлекеттік реттеу ісі өз күшінде болған уақытта, мұнай өнімдері өңірлерге ҚР Энергетика министрлігі бекіткен көлемге сәйкес, операторлар арқылы жеткізіліп отырылған еді. Бекітілген көлемнің біраз бөлігі, ресурсты құраушы – ірі компанияларға үлестіріліп келген болатын. Осылайша, олар мұнай өнімдерін еркін сатылымға жіберіп келген. Ал, Энергетика министрлігінде мұнай өнімдерін жеткізудің нақты кестесіне сай, ЖЖМ сатып алатын соңғы тұлғаға дейінгі барлық тізбек қатаң бақылауда болыпты. Осылайша, мемлекеттік реттеу ісіне тыйым салынғаннан кейін, әрбір АЖҚБ мен ауыл, аудандарға мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты ашықтық, қолжетімділік, тәртіп пен есептік, бағаларды бақылау және оларды сараптау ісі құрдымға кеткен. Салдарынан, жанар-жағармай, Министрлік бекіткен бағадан әлдеқайда жоғары бағамен сатылып келеді.

«Біз әкімдіктер арқылы қатаң түрде үлестіру ісі қолға алынса екен дейміз, себебі қазір, ашықтық жоқ, кімге қандай көлемде берілгені туралы ақпараттан хабарсызбыз», – деп шағымданды қауымдастық төрағасы.

Сонымен қатар, жыл сайын операторларға бөлінетін мұнай өнімдері көлемі азайтылып, «Қазмұнайгаз», «Гелиос», «SinоОil» сынды ірі компанияларға берілетін өнім көлемі артып келеді екен. Ал, олар, өз кезегінде, мұнай өнімдері бағасын еркін айналымға жіберетін көрінеді. Осылайша, соңғы екі жылда өнім көлемі 13 пайыздан 47 пайызға артқан екен. Дәл осы себепті, 300-ден астам автожағармай құю бекеттері мұнай өнімдерін жоғары көтерме бағамен сатып алуға мәжбүр екен. Салдарынан, мұнай өнімдері бағаларын босатуға байланысты, ресурсты құраушы ірі компаниялар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, өнімді олардың АЖҚБ сатылатын мұнай өнімінің бөлшек сауда бағасынан сәл төмендеу бағамен сатып келеді екен. Мәселен, АИ-92 бензині еркін саудада 135 теңге тұрса, дәл осы бензиннің көтерме бағасы 132-133 теңгені құрап отыр.

Бүгінде тек АИ-80 бензинінің бағасы ғана мемлекет тарапынан реттеліп,  ОҚО-да аталған бензинді үлестіру көрсеткіші айына 3-4 мың тоннаны құрауда. Ал, АИ-80 бензин көлеміне деген сұраныс өңірде айына 15 мың тоннаны құрап отыр. 

«Мұның барлығы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабілетсіз болуына әкеліп соқтырады. Себебі, олар сатып алынған мұнай өнімдерін біршама жоғары бағаға сатуға мәжбүр (өз шығындарын жауып, аз да болса табыс табу үшін, негізгі баға үстіне 7-8 теңге қосылады). Олар мұндай жағдайларға «төзе алмай», әділетсіз бәсекеде жабылуға мәжбүр болып отыр».

Қауымдастық төрағасының айтуынша, бүгінде, АЖҚБ-ға сапасы сын көтермейтін бензиндер келіп түсіп жатыр екен. Сонда АИ 80 маркалы бинзинін қолдан АИ-92-ге «айналдырып жібермеуіне» кім кепіл дейді қауымдастық өкілі. «Мұның барлығы жалпы қандай мақсатты көздеп отыр?», – деп қапаланады қауымдастық төрағасы.   

Жиын қатысушылары, сондай-ақ, мұнай өңдеуге қатысты ақпараттың жоқ болуы және Шымкент мұнай өңдеу зауыты мұнай өнімдерін сату жөніндегі мәліметтердің болмауы мәселесіне де тоқталып өтті.

«Жергілікті мұнай өңдеу зауыты қанша өнім шығарытыны және қайта өңделген мұнайдың қайда жөнелтілетіні белгісіз. Яғни, ашықтық жоқ. Ол да бензин бағасының өсуіне апарып соқтырып отыр. Ал, жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде, операторларға мұнай өнімдерін Павлодар мұнай өңдеу зауытынан алуға тура келді. Алайда, зауытқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса да, компания өнімдерді жоғары бағаға сатып келді (!)».

Кездесудің басты қорытындысы: барлық үш МӨЗ елдің мұнай өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз еткенше, Энергетика министрлігіне өңірлерге өнімдерді жеткізу ісін кестеге сәйкес, операторлардың қатысуымен және әрбір ауылдағы АЖҚБ-ға берілетін көлеміне қарай жөнелтіп отыру саясатын жалғастырған жөн. Сонымен қатар, өңір әкімдіктері арқылы бағаны белгілеу ісін бақылау, бағаларға сараптама жүргізу, аталған нарықта қызмет етіп келе жатқан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мүдделеріне сай, бөлінетін мұнай өнімдері көлемінің пайыздық үлесін өзгерту қажет.

«Атамекен» ҰКП тарапынан, қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз, себебі, Оңтүстік Қазақстан облысы экономикасының қарқынды дамуы мен оның тұрақтылығы осыған байланысты болып отыр», – деп жиын қатысушылары петицияға қол қойды.

Ал, жергілікті атқамінерлер қандай пікірде болды? Облыс әкімі орынбасары Бауыржан Жамалов, кәсіпкерлер пікірімен келісетінін жеткізді.

«Мемлекет тарапынан реттеуді алып тастау – әрине, Үкіметтің отын нарығындағы бизнесті нығайтуға қатысты саяси шешімі екені анық. Және ол тәжірибелік тәртіпте енгізілсе де, оны өзгерту қиынға соғатыны сөзсіз.  Бірақ, не болса да, бізге дәлелдерді жинақтап, нақты статистикалық мәліметтерді келтіре отырып күресуге тура келіп отыр. Мәселен, өңір, мұнай өнімдері нарығында шағын және орта бизнестен айырылатын болса, қанша көлемдегі салық аударымдарынан айырылады? Қаншама жұмыс орындары бос қалып, әлеуметтік аударымдар қаншаға қысқарады? Егер осының барлығын дәлелдей алсақ, тәжірибені алып тастап, бәлкім, мемлекеттік реттеуді қайта енгізілуі әбден мүмкін», – деп қорытындылады өңір басшысының орынбасары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер