«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Фермер болу оңай емес

2017 жылғы 30 Қаңтар
- Павлодар облысы
6525 просмотров

Павлодар қаласының тұрғыны шаруа қожалығын ашып, ойындағы арманын іске асырды

Бүгінде бизнесвумен Ботагөз Ілиясованың тасы өрге домалап тұр. «Арман» шаруа қожалығы басшысының айтуынша, ол бұған жету үшін көп тер төгіпті.

Болашақ кәсіпкер бизнес ашу туралы көптен бері ойлап жүрген. Дегенмен бүгінде қаланың жанға жайлы өмірінен алшақтап, шалғай аймақта егіншілікпен айналысуға кез келген қалалықтың дәті жете бермейтіні белгілі.

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар. Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген нақылды қалқан еткен Ботагөз өзінің бизнес-идеясын біртіндеп жүзеге асыра бастады. Алдымен, жайылымдық жерді игерді. Міне, жас фермердің алғашқы проблемалары осы тұста төбе көрсетті. Жер суарылмайтын болғандықтан, көкөніс өсіруге жарамсыз болып шықты. Оны суарылатын жер санатына ауыстыру біраз қажыр-қайратты талап етті. Дегенмен, проблема мұнымен біткен жоқ. Өйткені сорғы станциясының басшылығы жергілікті ирригациялық құрылғының ескіргенін желеу етіп, «жаңадан» келген адамға су тартудан бас тартты.

Бірақ бұл кедергі бизнесвуменді жасыта алмады, ол көп ойланбастан Кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Түйіткілді мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесте қаралып, жергілікті су жеткізуші монополистің әрекетіне тиісті баға берілді. Оған қоса, жергілікті ирригациялық жүйенің шынайы қуаты анықталды.

Сондай-ақ проблеманы шешудің басқа да жолдары қарастырылды. Ботагөз Ілиясова жекеменшік су тартқыш салу туралы шешімге келді. Кәсіпкердің өзі айтқандай, қазіргі таңда суға қатысты проблема жоқ екен. Палата фермерге өзге де сұрақтары бойынша көмектесті, мәселен, салық салу саласындағы заңдық сұрақтар жөнінде сервистік қолдау көрсетті.

Алғашқы түсімді таразылай отырып, бизнесвумен 2016 жылдың табысты болғанын айтты. Қызылша, картоп және басқа да көкөніс түрлерін өсіріпті. Түсім де жаман емес. Мысалы, 22 гектар жерге «гала» тұқымдас картоп отырғызып, әр гектардан 200-300 центер өнім жинаған.

Бүгінде ауылшаруашылық кәсіпорыны аяғынан тік тұрып, келешекке сеніммен қадам басты. Шаруа қожалығының басшысы келесі маусымға дайындалып жатыр. Өткен жылғы түсімнің нәтижелерін ескере отырып, биыл көкөніс егетін алаңды кеңейтуді көздеп отыр. Енді көкөніс сақтайтын жеке қоймаға мұқтаждық туды. «Арман» шауар қожалығында тұрақты түрде жеті адам жұмыс істейді, өнімді жинау кезінде тағы 15 адам уақытша жұмыспен қамтылмақ. Келешекте жұмысшылар штатын кеңейтіп, оларға бұдан да жақсы жағдай жасау жоспарда бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер