«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жекеменшік білімге кім кепілдік береді?

2017 жылғы 02 Ақпан
- Павлодар облысы
7697 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында ақылы білім беру қызметтері саласындағы түйткілді мәселелер қаралды

ӨКП Адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Ілиясовтың айтуынша, Палата алдында тұрған негізгі мақсаттардың бірі – кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету және оны дамыту. Алайда, ақылы білім беру қызметімен айналысатын кәсіпкерлер жекеменшік білім беру мекемелерінің мамандар даярлауға қатысты мемлекеттік білім беру тапсырысына толығымен қатыса алмай отырғанын айтады.  Тіпті, бизнеске көп көлемдегі қаражатты құйған күннің өзінде, мемлекеттік емес оқу орындары жыл сайынғы білім беру тапсырысына қатыса алатынына ешкім кепілдік бере алмайтын көрінеді.

«Мұндай мәселемен көптеген жекеменшік білім беру мекемелері бетпе-бет келіп отыр. Бұл, өз кезегінде, өңірлерді мамандармен қамтамасыз ету көрсеткішіне кері ықпалын тигізетін болады», – деп өз пікірін ортаға салды Бақытжан Ілиясова.

Жиын қатысушыларының (онға жуық жекеменшік білім беру мекемелері) сөзіне сенсек, білім беру қызметтерін ұсынуға қатысты лицензия алу процедурасы, нақты мамандыққа тағы қосымша біліктілік алуға міндеттейді екен. Ал, ол көп уақытты қажет етеді, сосын кәсіпкерлерді шығынға батырады дейді білім беру мекемелерінің басшылары. Осыған орай, жекеменшік оқу орындарына тұтынушылар сұранысын толығымен қанағаттандыру қиын соғып отыр.

Жекеменшік білім беру мекемелері өкілдерінің айтуынша, дуальді білім беру ісімен айналысатын кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер жасау арқылы мәселені оңтайлы шешуге болады. Қазіргі таңда өңірде «Дуальді оқыту жүйесінің жол картасы» жүзеге асырылып келе жатқан  көрінеді. Онда экономиканың  7 саласы бойынша 16 мамандық пен 60 кәсіпорын қамтылған.

Жекеменшік білім беру жұмысына кедергі келтіріп отырған тағы бір мәселе – бекітілген типтік оқу жоспарлары кәсіпорынның өндіріс процесіне студенттердің толығымен қатысуын қамтамасыз ете алмай отыр.

Жиналысты қорытындылаған Бақытжан Ілиясова, ӨКП аталған түйткілді мәселелерді шешу жолдарын қарастыратынын атап өтті. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар жекеменшік колледждерді жыл сайынғы мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етуге кепілдік беру мәселесін қолға алу керек. Бұдан бөлек, ҰКП-ға білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау, дуальді білім беру жүйесін жүзеге асырып келе жатқан кәсіпорындарға жеңілдіктер ұсыну, сондай-ақ, типтік оқу жоспарларын кәсіпорынның өндірістік процесіне сәйкестендіруге қатысты ұсыныстар жолданатын болды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер