«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әуесқойлық табыс көзіне айналды

2017 жылғы 31 Қазан
- Павлодар облысы
8082 просмотров

Жас ана нәрестелерге арналған киім тігумен айналысады

Көңіліңнен шығатын істі қалай бизнеске айналдыруға болады? Бұл сауал отбасылық бюджетті сүйікті ермегі арқылы толтыруды қалайтын көптеген аналарды мазалайтыны хақ.

Валерия Наркизованың жасы 24-те, 5 және 1 жасар екі баласы бар. Сондай-ақ ол жас кәсіпкер.

«Мен өзімнің сүйікті ісімді қолға алдым. Бала күнімнен-ақ тігін тігумен айналысамын, алайда осы шұғылдануым ұзаққа созылады деп ойламаппын. Екінші баламды көтергенімде үйге қандай киіммен шығамыз деген сауалды қойдым. Барлық дүкенді аралап, көңілімнен шығатын затты таппадым. Бос уақытым да жетерлік еді. Сондықтан мата сатып алып, ешкімде қайталанбайтын туынды жасауға бел будым», - деп еске түсірді Валерия Наркизова.

Шебердің тіккен дүниесін басқа аналарда жақсы бағалап отыр. Перзентханадан шыға салғанда-ақ палатадағы бірге жатқан келіншектен алғашқы тапсырыс түсті. Сол уақыттан бері тапсырыс тоқтаған емес. Осылайша балаларға арналған«Жасмин» тоқыма студиясы ашылды. Атауы да өзінің сәбиінің құрметіне қойылған. Себебі нәрестеге деген сүйіспеншілік пен тігін тігуді ұнататындығы орындалмас арманын жүзеге асыруға сеп болды.

Әрине, ойға алған жоспардың барлығын жүзеге асыру үшін жаңа жабдық алу керек болды, себебі ескі техниканың күші жетпеді. Оның үстіне тапсырыс көбейген сайын өндірісті де ұлғайту керек еді.

Іскер келіншек өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгініп, бизнесті қолдау шаралары жайлы ақпарат алып, соған қатысушылардың бірі болмаққа бекінеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында берілген қажетті қаржыға жабдық сатып алып, жаңа жұмыс орнын ашты.

«Бақыттымын дегеннен басқа айтарым жоқ. Шеберлер тобымыздың тәжірибесі мықты, сәбилерге арналған керемет дүниелер жасап жатыр. Сапа ең бірінші орынға қойылған. Сондықтан гипоаллергенді мата мен қазіргі замандағы озық технологиямен жасалған толтырманы пайдаланамыз. Әрбір клиентке жекелей қараймыз. Әр бұйымның дизайны мұқият дайындалады. Ең бастысы ісімізді зор сүйіспеншілікпен атқарамыз», - деп ой бөлісті Валерия Наркизова.

Кәсіпкер сәбилерге арналған киім дайындауға ұсыныс көп екенін атап өтті. Аналар көп жағдайдай жекелеген, атаулы бұйымдарды қалап, сәбиі үшін қайталанбас бұйымның дизайнына өздері атсалысады. «Жасмин» балалар тоқымасының студиясы барлық тексеруден өтіп, сапа сәйкестігі сертификатына ие. Баға саясатын да тұтынушыға қарай икемдеген.

«Әрбір ана секілді балаларға ең жақсысын арнағым келеді. Клиентке ыңғайлы болуы үшін тапсырысты онлайн тіркеуді ұсынамын. Келешекте өткізу нарығын да кеңейткім келеді», - дейді іскер ханым.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер