«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнестің сенімді серіктестері

2018 жылғы 05 Мамыр
- Павлодар облысы
8649 просмотров

Бизнес-жобаның сәттілігі неге байланысты? Жеке кәсіп бастағысы келетін әркім осы сауалға жауап іздеген болар. ӨКП Кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Әнел Жампейісованың айтуынша мұнда бизнестің тағдырын алдын ала анықтайтын бірқатар комбинациялар бар.

Әрине, негізге бәсекеге қабілетті бизнес-идея алынады. Ол үшін бизнес жүргізу негіздерін оқыту, сервістік көмек, сауатты құрылған бизнес-жоба, сонымен қатар жобаны қаржыландыру көздері болуы шарт.

«Осы факторлар үйлесім табуы, кәсіпкерлікті қолдайтын құрылымдардың бірлесіп жұмыс істеуі оң әсер береді. Кәсіпкерге оңтайлы болатын қаржыландырудың болуы үлкен маңызға ие. Біздің міндет – кәсіпкерлерге қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары жайында ақпарат беру, жобаларды сүйемелдеу», – деді Әнел Жампейісова.  

Әдетте қолжетімді қаржыландыру ауыл кәсіпкерлеріне қажет. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтардың экономикалық сауатын арттыру мақсатында 2017 жылы «Бастау» жобасы іске асты. Жоба 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша жүзеге асуда. Былтыр өңірдің 5 ауданында оқу курстары өтті.   
 

«Ауыл кәсіпкерлеріне  «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ айтарлықтай көмек берді, бұл ұйым біздің стратегиялық әріптесіміз. Қор ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арнап, бірқатар бағдарламалары бар. Қордың қолдауымен көп кәсіпкер жеке кәсіптерін ашты»,деді Әнел Жампейісова.  

2017 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ «Бастау» сертификаттары бойынша жалпы сомасы 391,4 млн теңіге көлемінде  116 жобаны қаржыландырды. Сонымен қатар ауыл тұрғындары арасында Береке, Игілік, Кәсіпкер және Ырыс атты шағын несиелеу ұйымдары жақсы сұраныста.

 «Кәсіпкерлер палатасы алдында тұрған міндеттердің бірі бизнес-орта дамуына барынша жан-жақты қолдау көрсету. Ал бұл бағытта әріптестеріміздің атсалысуынсыз толық көлемде қолдау болмас еді. Бірлескен тиімді жұмыс нәтижесінде жобаға қатысам деген азаматтар көп. Сондықтан биыл «Бастау» өңірдің барлық ауданында жүргізілмек. Биыл 1765 адамды оқытып, кемінде 353 бизнес-жобаны іске асыру жоспарланған», – деп бөлісті Әнел Жампейісова.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер