Іскерлік байланыс: шетелдік тәжірибені шаруашылыққа енгізу керек
«Тауман» шаруа қожалығының басшысы Германияға барып өндіріспен танысып келді.
Ақтоғай ауданындағы «Тауман» шаруа қожалығы 3 жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Мұнда өсімдік пен мал шаруашылығы қолға алынған. Шаруа қожайыны Бауыржан Шарапиденов былтыр «Іскерлік байланыс» оқу курсын тәмамдаған болатын, жоба аясында Германиядан тағылымнамадан өтті. Жоба мақсаты – шетелдік әріптестермен тиімді байланыс орнату. Кәсіпкердің пікірінше неміс әріптестердің тәжірибесі отандық кәсіпкерлер үшін өте пайдалы.
«Шетелдік тәжірибені осында енгізуіміз керек. Неміс фермерлері шаруашылықта көпфункциялы, жоғары технологиялық техниканы қолданады. Ал жақсы техника өндіріс өнімділігін арттырады. Тағылымнама барысында мен инновациялық техника шығаратын зауытқа барып, сонымен қатар минералды тынайтқыштарды тарататын «Rauch» фирмасымен таныстым. Аталған фирманы мен Қазақстанда таныстыратын боламын», – деді кәсіпкер.
Сонымен қатар Мюнхен қаласында көлік және логистикаға арналған көрме ұйымдастырылды. Онда Еуропа және Балтия мемлекеттерінің ірі көлік және логистикалық компаниялармен байланыс орнатылды.
Сондай-ақ, «Тауман» шаруа қожалығының жетекшісі «Annaburger» атты жабдық және техника өндіретін компаниямен де келіссөздер жүргізді. Фермер елімізге бункер-жүк тиегіштерді тасымалдауға қызуғышылық танытты. Бұл техника арқылы тұқым себу әрі астықты жинау үдерісі тездетіледі. Осылайша осы бункерлерді Қазақстанға тасымалдау бойынша келісімдер жасалды. Бауыржан Шарапиденов тағылымнама барысында ауыл шаруашылығы инженері, тәуелсіз сарапшы Ханс Райнхольдпен танысты. Бауыржан Шарапиденов Ханс Райнхольдті Қазақстанға шақырды, шетел қонағы елге келіп, «Тауман» қожалығы қызметімен танысты, бірқатар кеңес берді. Енді ол «Тауман» шаруа қожалығымен тығыз байланыста.
«Іскер байланыс» жобасы ұйымдастырушыларына осындай мүмкіндік бергендері үшін алғыс білдіргім келеді. Осы жоба арқылы білімім артты, тәжірибе алмастым, басқарушылық машықты өсірдім. Мен бизнеске инновация енгізу бойынша практикалық материал жинадым», – деді кәсіпкер.
Айта кетелік, «Іскер байланыс» жобасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде оқыту ел ішінде жүргізіледі. Биыл павлодарлықтар, бірінші кезеңде Павлодар қаласынан өте алады. Екінші кезеңде тыңдацшылар шетелден тегін тағылымнамадан өтеді. Жобаға қатысам деушілер Өңірлік кәсіпкерлер палатасына өтінім жасай алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: