«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жергілікті жердегі басшылар кеңселік жауап жазумен емес, кәсіпкерлердің мәселесін шешумен айналысулары керек – әкім

2018 жылғы 24 Тамыз
- Павлодар облысы
7330 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында Павлодар облысының әкімі Болат Бакауов бизнес өкілдерімен кездесті. Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері түйткілді мәселелерге қатысты сауалдарын қойды.

Өңірлік палата директоры Ербол Арынов жұмыстағы басым бағыт кәсіпкерлердің құқығын қорғау екенін атап өтті.

«2017 жылы өңірлік палатаға 113 өтінім түсті, оның 80 пайызы оң шешімін тапты. Жалпы атқарылған жұмыс аясында кәсіпкерлердің 1 млрд 340 млн теңге мүліктік құқығы қорғалды», – деді Ербол Арынов.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге көрсетілетін қаржылай емес қолдау, «Бастау» жобасы, жергілікті қамту үлесін арттыру мәселелеріне де тоқталды.

«Жыл басынан бері «Бизнес-Мектеп» курсынан 689 адам оқыды. Палатаның сүйемелдеуімен 217 жаңа ШОК субъектісі ашылды. «Бастау» бойынша 1 тамызға дейін 946 адам оқытылды, одан 47 адам 296,2 млн теңге қаражат алды», – деді Ербол Арынов.

Кәсіпкерлер субсидия, несиеден бөлек, маман маселесін көтерді. «Крендель» ЖШС өкілдері мамандар тәжірибеден өтпесетен кетіп қалатынына шағымданды. Өңір басшысы Болат Бакауов бұл мәселені жұмысшыларға қосымша қолдау көрсету арқылы шешуді ұсынды.

«Қазақстанда «7-20-25» жаңа бағдарламасы қолға алынды. Қызметкерлеріңізге осы бағдарлама бойынша үй алу үшін бастапқы салым жасауға көмектесіңіздер. Олар сіздерде 20 жыл жұмыс істейтін болады. Бұл қолдаудың бір ғана жолы», - деп атап өтті әкім.

Сонымен қатар әкімге субмердігерлікке қатысуға қатысты сауал қойылды. Павлодар өндірушілерінің айтуынша су құбырының құрылысын жүргізгенде бас мердігер құбыр мен басқа да қосалқы бөлшектерді Қазақстанның басқа облыстарынан алады, кейді тіпті шетелден. Осылайша жергілікті бизнес әлеуетті сатып алушыдан қағылады.

«Бүгінде орташа алғанда жылына 360 шақырым су құбыры тартылады. Бұл мәселені назарға алу керек, компаниялармен талқылау қажет. Дегенмен Павлодар өндірушілері неліктен дәл өздерінің өнімдерін алу керектігін негіздеуі тиіс», - деді облыс әкімі.

Кездесу соңында Болат Бакауов қол астындағылардан мемлекеттік орган жұмысын ШОБ-қа қатысты қайта реформалауды талап етті. Оның айтуынша, жергілікті жердегі басшылар кеңселік жауап жазумен емес, кәсіпкерлердің мәселесін шешудің жолын қарастырулары керек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер