«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Павлодар кәсіпкерлері Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 900 млн теңге алды

2019 жылғы 31 Желтоқсан
- Павлодар облысы
5763 просмотров

2019 жыл аяқталды, сондықтан Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жыл қорытындысын шығарып, өңірдегі бизнес дамуына үлес қосып жатқан ұйымдарды атады.

Қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Әнел Жампейісова сенімді серіктестер арасында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ павлодарлық филиалын атап өтті.

 «Мемлекеттік саясаттың басым бағыты бизнесті жан-жақты қолдау. «Атамекен» палатасы қаржылай емес қолдаудың операторы болып табылады. Біз кеңес беру, сүйемелдеу, оқыту, бизнес-жоспарлау, бизнестің құқығын және заңды мүддесін қорғау, сертификаттау, кәсіпкерлердің біліктілігін жоғарылату бойынша қызмет көрсетеміз. Сонымен бірге бұл жұмыс әріптестеріміз болмаса аяқталмас еді. Бір қуантарлығы, кәсіпкерлерді қолдау шараларын жүзеге асыруда біз жергілікті атқарушы органдардың түсінігі мен көмегін алып отырмыз. Негізгі серіктесіміздің бірі – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», – деді Әнел Жампейісова.

 2019 жылы павлодарлық кәсіпкерлердің 295 жобасы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 900 млн теңге қаржылай қолдау алды. Айта кету керек, аталған қаржы институтына 25 жыл толды.

 «Осы жылдар ішінде қор үлкен жұмысты атқарды. Қазіргі таңда  әр ауыл кәсіпкері осы институтты біледі. Несиелеу шарттары жетілдірілуде, жыл сайын несие алам деушілер саны артып келеді. Осы ретте ауыл шаруашылығы саласынан бөлек басқа салаларда да жобалар қаржыландырылуда. Қор екі мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс істейді, олар агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сонымен қатар нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай       кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған», – деді Әнел Жампейісова.

 Палата сарапшыларының пікірінше, бастауыш кәсіпкерлерге «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде «Бастау» жобасы жақсы демеу болған. Жоба мақсаты – жұмыссыздар мен кәсіпкерлік бастамасы бар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды кәсіпкерлікке тарту, ары қарай әлеуетті жобаларды қаржыландыру.

 «2019 жылы «Бастау» жобасы шеңберінде 2545 адамды оқыттық. Түлектер микронесиелеу арқылы 298 жобаға қаржы алды, гранттық қаржыландыруды 1900 жоба алды. Бұдан бөлек, жастар жылы шеңберінде «Жас кәсіпкер» жобасы іске асырылды, ол бойынша 800 адам оқып шықты. 2 қатысушы несие алды, 423 қатысушы грант алды. Барлық түлектерді және әріптестерімізді Жаңа жылмен құттықтаймын! Армандар орындалып, бизнес-идеялар іске ассын», – деп қорытындылады Әнел Жампейісова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер