«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Жас Кәсіпкер» түлегі ауылда көлік жуу орталығын ашты

2020 жылғы 09 Маусым
- Павлодар облысы
5401 просмотров

Тереңкөл ауданындағы көлік иелері үшін жаңа қызмет түрі пайда болды – өзін-өзіне қызмет көрсететін көлік жуу орталығы ашылды. Жаңа қызмет көрсету объектісін тұрғындар бағалап та үлгерді

«Осындай көлік жуу орталығын Омбы қаласында алғаш рет көрдім. Көлік жууға орташа чек 400 теңгеге шығады, бұл өте тиімді. Қазір күнделікті 30-35 көлік келеді», – деді кәсіпкер Әсет Битенов.

Бұл кәсіпкердің алғашқы жобасы, былтыр ол «Жас Кәсіпкер» жобасына қатысты.

«Байланыс және коммутация жүйелері бойынша маманмын. Бизнесті ашуға дейін «Қазақтелеком» АҚ-та 5 жыл бойы электромонтер болып жұмыс істедім. Бизнес-идеяны жүзеге асыруға «Атамекен» ӨКП аудандық филиалының мамандары көмектесті. Кәсіпкерлік негіздерімен оқыдым, бизнес-жоспар дайындадым, оны сәтті қорғап шықтым. «Жас Кәсіпкер» жобасы шеңберінде 505 мың теңге грант алдым. Бизнеске арналған орынжайым болды, сондықтан грант қаражаты көлік жуу аппаратурасын алуға жұмсалды», – деді Әсет Битенов.

 ӨКП Тереңкөл аудандық филиалының директоры Мұсағит Омаровтың айтуынша, кәсіпкерлік идеялардың ішінде мал шаруашылығы саласы басым. Дегенмен ауылдық жерлерде қызмет көрсетуде тартымды жобалар да бар.

«Жас Кәсіпкер» жобасы ауыл жастарына жақсы мүмкіндік берді. Нарық бір орында тұрған жоқ, және бизнеске жаңа идеялар қашанда керек. Бастауыш кәсіпкерлердің бизнес-идеяларын қарау кезінде біз нарықтағы сұранысты, тиімділікті және жобаның бәсекеге қабілеттілігін зерттейміз. Кәсібін сәтті бастағандардың бірі – Әсет Битенов. Қазір бастауыш кәсіпкер тағы бір көлік жуу орталығы, ТЖО және көлік пен ауыл шаруашылығы техникасын техникалық байқау орталығын ашуды жоспарлап отыр. Кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан бизнес-жоспарларға қолдау мен сүйемелдеу көрсетуге дайын», – деп қорытындылады Мұсағит Омаров.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер