«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әсет Шаяхметов карантиндегі бизнес, «1,2 млрд теңге» және жаңа кәсіпкерлер туралы

2021 жылғы 28 Қаңтар
- Жетісу облысы
8338 просмотров

Алматы облысында кәсіпкерлердің құқығы қалай қорғайды, карантин кезеңінде қандай қолдау көрсетілді? Осы және өзге де сұрақтарға «Jetisu Media» ақпараттық алаңында Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов жауап берді.

Баспасөз мәслихаты барысында Әсет Шаяхметов экономиканың ең көп зардап шеккен салаларын анықтау үшін өңірлік палата 7 348 бизнес субъектісінің қызметіне талдау жүргізгенін жеткізді. Бұл экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларындағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 48%-і.

«Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша 7,3 мың кәсіпорнында 5,6 мыңнан астам қызметкер немесе жұмысшылардың жалпы санының 6,6%-ке жуығы қысқартылды. 9 мыңға жуық қызметкер немесе қызметкерлердің жалпы санының 10,5%-і жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілді, ал 68 компания кірістерін жоғалтты және толығымен жабылды», - деп атап өтті облыстық палата басшысы.

Өңір кәсіпкерлеріне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары көрсетілді. Облыстың коммуналдық меншігіндегі мүлікті жалға беру төлемдерін төлеуден шағын және орта кәсіпкерліктің 690 субъектісі босатылды. 119 мыңға жуық бизнес субъектілері салықтық ынталандырулар алып, 641 шағын және орта бизнес субъектілеріне несиелер бойынша жеңілдіктер берілді. Сондай-ақ, карантин енгізілгеннен бастап 77 сауда үйінің, базарлардың және ойын-сауық орталықтар басшыларымен жалға беру шарттары мәселесі бойынша жиындар ұйымдастырылды. Кездесу қорытындысы бойынша 6,5 мың жалға алушыға жалдау ақысы 30-дан 90%-ке  дейін төмендетілді.

Мұнымен қоса 20 мыңнан астам кәсіпкер infokazakhstan.kz порталы арқылы өз қызметін қайта бастады.

«Карантин кезеңінде Алматы облысында 15 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін тоқтатты. Infokazakhstan.kz порталының көмегімен бизнес-қоғамдастықтың 21 022 өкілі қызметін қайта бастау туралы өз актілерін алды. Кәсіпкерлік субъектілерінің шамамен 90%-і өз қызметін тексерусіз, хабарлама тәртібінде қайта бастады», - деп хабарлады Әсет Шаяхметов.

Кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағыты бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. 2020 жылы Палатаға заңды тұлғалардан 233 өтініш келіп түсіп, оның 88-і оң шешім алды.

«Өтініштердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алу және жер қатынастары мәселелеріне қатысты, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне, салық, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мәселелерге қатысты шағымдар. Жалпы біздің қолдауымыздың арқасында бизнестің мүліктік құқықтары жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге қорғалды, бұл 2019 жылға қарағанда екі есе жоғары», - деп атап өтті ӨКП директоры.

Кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін шешуге Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес айтарлықтай ықпал етті. Кеңес отырыстарында 16 мәселе қаралып, оның 10-ы оң нәтижемен шешілді. Кәсіпкерлердің құқықтарын бұзған уәкілетті органдардың 5 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Атамекен» «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламаларының қаржылық емес операторы болып табылады. 2020 жылы өңірдегі 16 мыңнан астам бизнес өкіліне Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы 17,5 мың сервистік және консультациялық қызмет көрсетілді. Кәсіпкерлер палатасы менеджерлерінің қолдауының арқасында 1,3 мың жоба мемлекеттік қолдау құралдары аясында 5,8 млрд теңгеге қаржыландыру алды.

Әсет Шаяхметов сондай-ақ «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасын іске асырылуы туралы кеңінен айтып берді. Өткен жылы жоба ҰКП-ның atameken.co порталында онлайн форматта жүргізілді. Облыс бойынша 3022 жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкер бизнес негіздерін оқып, кәсіпкерлік дағдыларын арттырды. «Бастау Бизнес» аясында оқытылғандардың ішінен өткен жылдары тәмамдаған қатысушыларды санағанда жалпы сомасы 1,8 млрд теңге болатын 2039 жоба қаржыландыру алды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несиелендіру белсенді жүргізілуде. Бағдарлама бәсекеге қабілетті өндірістер құру, халықтың мұқтаждықтарын қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыруға бағытталған. Алматы облысының қоржынында құны 74,8 млрд теңге болатын 252 жоба бар.

«Осы бағдарлама бойынша қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер мен Аграрлық-кредиттік корпорация тарапынан жалпы сомасы 45,7 млрд теңгеге 181 жоба мақұлданды. Жобалар АӨК, туризм және қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу және қағаз, жиһаз, құрылыс материалдары және шаруашылық-тұрмыстық бұйымдар өндірісі, жүктерді қоймалау және сақтау, машина жасау және металлургия, тамақ өнеркәсібі, білім беру, химия өнеркәсібі және электр энергетикасы сияқты салалар бойынша ұсынылған», - деп толықтырды Палата директоры.

«Атамекен» қызметінің маңызды бағыттарының бірі - адами капиталды дамыту. Әсет Шаяхметов кәсіп иелері кәсіпорындар жанынан оқу орталықтарын құру көмегімен және Дуальді оқытудың жол картасына қатысу арқылы маман жетіспеушілігі мәселесін шешіп жүргенін айтты.

«Өңірлік палатаның қолдауымен облысымызда 80 оқу орталығы ашылды. Олар жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығында сұранысқа ие 46 кәсіп пен мамандық бойынша даярлауды жүзеге асырады. 2020 жылы оқу орталықтары базасында 2536 адам қысқа мерзімді оқытудан өтті, оның ішінде 2272 адам жұмысқа орналастырылды, - деп атап өтті ол. - Сондай-ақ, кәсіпорындар дуальді оқыту аясында «тапсырыс бойынша» кадрларды дайындауға мүмкіндігі бар. Жалпы, Дуальді оқытудың жол картасына Алматы облысынан техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің 3225 оқушысы, 23 колледж және өңірдің 344 кәсіпорны 28 мамандық, 47 біліктілік және 9 сала бойынша енді».

Баспасөз мәслихатының соңында Әсет Шаяхметов Мемлекет басшысының ҚР Үкіметі мен ҰКП бизнесті жаңа қолдау шараларын әзірлеу туралы тапсырмасынан кейін проблемалық мәселелерді пысықтау мен қажетті мемлекеттік қолдау шараларын анықтау үшін кәсіпкерлерге арналған сауалнама басталғанын атап өтті. Ары қарай облыстық палата басшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер