«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді

2021 жылғы 02 Ақпан
- Павлодар облысы
3392 просмотров

Соңғы екі жыл ішінде Павлодар облысының Шарбақты ауданында мал бордақылауға арналған екі алаң ашылды.

«Зеңгі баба тұқымын бағып-қағу,  өсіру оңай емес. Бұл шаруа бақташыдан қажырлы еңбекті  талап етеді.  Бүгінгі таңда  Шарбақты ауданында ірі қара мал саны отыз бес мың бас  шамасында екен. Бұл көрсеткішті алдағы жылдары арттыру жоспарда», – деп  атап  өтті   өз  сөзінде  Шарбақты ауданы «Атамекен» филиалының  басшысы  Баян  Омарова.

Ауыл шаруашылығын, соның ішінде,  етті бағыттағы асыл тұқымды мал санын көбейту мақсатында 2019 жылдың басында ауыл шаруашылығын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленген еді.  Сол кезде ірі қара мал басын 27 мыңнан 40 мың басқа дейін жеткізу міндеті қойылған.  Бүгінде алға қойған мақсатқа жету үшін жоспарлы түрде ілгерілеу бар. Соңғы екі жыл ішінде  ауданда екі бордақылау алаңы ашылды. «Сыбаға»  мемлекеттік бағдарламасы аясында екі жылдың ішінде 380 бас ірі қара әкелінді.

«Жалпы мал өсірушілерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2020 жылы ауданның мал шаруашылығы субъектілерімен 423 млн 400 мың теңге сомасында субсидиялар алынды. Бұл жақсы көрсеткіш», – деді Баян Омарова.

Көзін таба білгенге, сиыр малының пайдасы мол. Оның үстіне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау арқылы шаруаға өз жағдайын жасап қана  қоймай, халықты етпен қамтамасыз етуге болады. Себебі  табиғи тағамға деген сұраныс жоғары.

Мал бағуға машықтанған ауданымыздың  халқы сол кәсібінен әлі де жаңылған емес. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, мал бағуды басты табыс деп санайтын ағайын соңғы жылда­ры төрт түлікті асылдандыруға көңіл бөлуде. Соның айғағы ретінде Қосқұдық ауылына әкелініп жатқан асыл тұқымды ірі қара  мал түрлерін айтуға болады.  Дәлірек айтсақ, «Байзақов» шаруа қожа­лы­ғы  асыл тұқымды «Ангус» сиырының 619 басын сатып әкеліп, өсіруді қолға алып отыр. Осыған орай, кәсіпкерлер Палатасының  филиалы   шаруашылыққа  колдау  көрсетіп, жобаны  сүйемелдеуге  көмек  көрсетті.

Шегірен ауылының тумасы Саят Болатұлы  басшылық ететін бұл шаруашылық асыл тұқымды сиырларды  Железин  ауданынан сатып әкелген.

«Бұл асыл тұқымды ірі қара малын ет өндіру және ауданымызға тарату мақсатында сатып алып отырмыз. «Ангус» біздің табиғатымызға бейім келеді, қыстың суығына төзім­ді. Өнімдердің сапасын арттыру үшін құнарлы азықтармен толыққұнды азықтандыруға, сондай-ақ оларды ұтымды пайдалануға көңіл бөлеміз. Сол себепті біздің бірнеше базамыз бар. Соның ішінде азық қорына аса көңіл аударамыз. Сонымен қатар төлдейтін малды, тайшаларды   жылы қораларда  бөлек ұстаймыз. Сиырларды сатып әкелгелі,  олардың ішінде  41 сиыр бұзаулап та үлгерді. Ол, әрине қуантарлық жағдай. Мал ұстау үшін  су қажет,  сол себепті, ең әуелі,   сумен жабдықтау жүйесін жөндеп алдық. Болашақта герофорд тұқымды ірі қараны ұстау, ет комбинатын салу сынды жақсы жоспарларымыз бар», – деді  өз сөзінде  Саят Байзақов.

Шаруа қожалығында 20-ға жуық адам қызмет етеді. Солардың ішінде он жыл еңбек өтілі бар ветеринар – зоотехник  Арсен Меңдігереев арнайы Батыс Қазақстаннан  келіп, «Байзақов» шаруа қожалығында еңбек етуде.  Жұмыскерлерге арналған жатақхана, асхана да қарастырылған. Демек барлық жағдай жасалған. 

«Жалпы  «Ангус»  тұқымы – тез  өсіп  жетілетін,  мүйіссіз  сиыр. Сол  себепті  «Ангус»  тұқымын  өсіріп, дамытуды  қолға  алған  «Байзаков»    шаруа  қожалығы  жақсы  өнімділік  алады   деп  толық  сенімммен   айта  аламын. Ал «Атамекен» Кәсіпкерлер  палатасы   өз   кезегінде  шаруа  қожалығына     колдау   көрсетуге   әрқашан  дайын», – деп  атап  өтті   Баян  Омарова.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер