«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жеке кәсіп – жаңа белестерге жетелейді

2021 жылғы 05 Сәуір
- Павлодар облысы
2129 просмотров

Өткен жылы облысымызда өңір басшысы Ә.Сқақовтың қолдауымен жастарға арналған «ZhasHalik-Ertis» пилоттық бағдарламасы жүзеге асты

Біздің аудан облыста осы бағдарламаны қолдап, белсенділік танытқан елдімекендердің бірі екенін атап өткен жөн. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы берген ақпаратына сүйенсек, жобаға 21 кәсіпкер өтініш беріп, оның бесеуі банктен қолдау алған. Қолынан талай  іс келетін іскер жастар бүгінде жеке бизнестерін дөңгелетіп отырған жайлары бар. Солардың бірі Октябрьск ауылының тұрғыны Дарья Колмогорова.  

Жалынды жас Дарья 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасының «Бастау-Бизнес» курсына қатысты. Бүгінде ол «ZhasHalik-Ertis» пилоттық бағдарламасы аясында «Халық банк»  арқылы төменгі пайызбен 15 миллион теңге көлемінде кепілдіксіз несие алып, жеке ісін ашып отырған жас кәсіпкерлердің бірі. Жоғары заңгерлік білімі бар Дарья бұған дейін ауылдық округі әкімдігінде «жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша еңбек еткен. Жеке бизнеспен айналысуды бұрыннан армандаған Дарья бүгінде өз дегеніне жетті. Алған қаражатқа үй маңындағы бос тұрған ғимаратты жөндеп, ыстауға қажетті жабдықтар мен құрылғылар, мұздатқыштар  сатып алып, етті ыстау  цехын ашты. Енді бүгінде Дарья сиыр, тауық, шошқа еттерінен шұжық жасап, оны сүрлеумен айналысады. Дайын шұжық өнімдерін ауылдағы және Павлодар қаласындағы сауда орындарына жеткізеді. Сондай-ақ, Дарья цехынан шыққан сүрленген шұжық өнімдерін сенбі, жексенбі күндері Тереңкөл ауылындағы «Базарбек» базарында саудалайды. Жеке кәсіпкер шығарған өнімнің сапасы жоғары, бағасы да қолжетімді. Қол қусырып отырғанды жек көретін Дарья жеке кәсібін алдағы уақытта кеңейтуді жоспарлауда. Яғни, аудан тұрғындарынан тапсырыс көп түссе, цехтың қуаттылығын арттырмақ.

Қазіргі уақытта бұл цехта Дарья ауылдағы жұмыссыз жүрген екі адамды еңбекпен қамтып отыр. Алдағы уақытта тағы тұрақты жұмыс орындарын ашсам дейді. Бүгін ол ауыл тұрғындарынан ет сүрлеуге тапсырыс алып, үйлеріне тегін жеткізіп беріп отыр.

– Жеке бизнесті ашуды баяғыдан ойластырған едім. Бұл бағдарлама жастар қауымына  жеке іс ашуға, пайда табуға үлкен мүмкіндіктер береді. Аталмыш бағдарламаның басты ерекшелігі – несие алғанда банк кепілдендіруді қажет етпейді. Осындай қолдау мен үлкен көмек көрсеткен облыс әкіміне, Тереңкөл аудандық кәсіпкерлер палатасына отбасымның атынан үлкен алғыс білдіремін. Кәсіп ашу еш қиындық туғызбайды. Ең бастысы ерінбей, дегеніме жетем деген ниет болса болғаны. Қиын ештеңесі жоқ. Жас кәсіпкерлерге осындай қолдау көрсетіліп отырғандығы қуантады, – дейді Дарья Колмогорова.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер