«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Павлодар облысында Ashyq жобасына қатысушылар саны 7 есе артты

2021 жылғы 23 Тамыз
- Павлодар облысы
8543 просмотров

Павлодар облысында 5637 кәсіпкер QR-код алды.

Соның ішінде 703 субъект, жобаға алғаш рет қосылып, 7 күн бойы сынақ режимінде жұмыс істейді. 2021 жылғы 23 шілдеде өңір бойынша жобада 776 бизнес субъекті жұмыс істеген. Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов өңірде қазіргі кезде Ashyq жобасымен 6 мыңға жуық кәсіпкер жұмыс істеп жатқанын атап өтті.  Өңірлік палатаның мамандары бүгінде облыста 58 қатысушы «Ashyq лидерлері» статусын алғанын айтты. Олардың саны  алғашқыда 13, соңғы апталарда 21 субъект болған.

 «Лидерлер саны артқаны байқалады, бұл бизнес субъектілердің Ashyq қосымшасын белсенді қолдана бастағанын көрсетеді. Сонымен қатар Ashyq сайтында өтінім беру алгоритмі жеңілдеген соң Ashyq қатысушылар саны айтарлықтай өскенін атап өткен жөн», – деді Серік Сәдуақасов.

 QR-кодын алуға өтінім беру процесі Мемлекет басшысының тапсырмасымен жеңілдетілді. Енді жүйе толығымен автоматтандырылып, өтінімнің қабылданғаны туралы хабарлама бір-екі минутта келіп түседі. Кәсіпкерлерге Ashyq жобасына қосылуды жеңілдету үшін Aitu отандық қосымшасында Ashyq Business пайда болды. Қосымша смартфон көмегімен QR-кодты алып, «күзетші» режимін басқаруға мүмкіндік береді.

Ал Halyk bank қосымшасын қолданушы кәсіпкерлер  Onlinebank веб-нұсқасы арқылы жобаға қатысып, QR-код ала алады. Жоба талаптарын бұзған және келушілерді тіркемеген қатысушылар Ashyq жобасынан бір аптаға шығарылатынын айта кетейік. Соңғы алынған деректер бойынша өңірде мұндай 16 қатысушы тіркелген.

  «Еске салсақ, Ashyq жобасының шарттарына сәйкес қатысушылар пайдаланушы келісімін ұстануы керек. Нысанға келушілер мен персонал статусты анықтау үшін QR-кодын сканерлеу арқылы кіре алады. Келушінің қолында смартфоны болмаса, олардың келісімі бойынша статус ЖСН-мен тексеріледі. Өңірлік кәсіпкерлер палатасына Ashyq жобасына қатысатын нысандардың келушілерді тіркемейтіні жайында ақпарат жиі түседі. Сонымен қатар нысанға кіру үшін біреудің ЖСН дерегін айтқан азаматтарға қатысты фактілер бар. Бөтен адамның ЖСН дерегін енгізіп, алдап кетудің алдын алу үшін ЖСН-ді жеке куәлікпен қоса растау керегін ескертеміз», – деп атап өтті Серік Сәдуақасов.

 Талапты бұзғаны үшін Ashyq жобасынан шығарылған және жоба лидерлерінің тізімі Павлодар облысы әкімдігінің сайтында жарияланған. Егер бизнесте Ashyq жобасына қатысты сұрақтары болса, Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасына хабарласуды сұраймыз. Анықтама ақпарат: 8/7182/660311, ішкі: 5502, 5510, 5518, 5551.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер