«Бастау Бизнес» түлегі қолөнер орталығын ашады
Биыл Павлодар облысының мыңнан аса тұрғыны «Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Енді жоба түлектері «Атамекен-Павлодар» микроқаржы ұйымынан жылдық 6%-бен несие ала алады.
Бұл ақпаратты Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов жеткізді.
«Биыл «Бастау» жобасы аясында облыстың 1198 тұрғыны білім алды. 5 қыркүйекте осы жылдың соңғы бесінші легі аяқталады. «Бастау» түлектерін бизнес-идеяны жүзеге асыруға қаражат жеткіліксіз болса, «Атамекен-Павлодар» микроқаржы ұйымына шақырамыз. Мұнда жылдық 6 пайызбен несие алуға мүмкіндік бар. Микронесие 5 жылға, мал шаруашылығы саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі», – деді Серік Сәдуақасов.
Кәсіпкерлікке баулитын «Бастау Бизнес» жобасының түлегі Сайрагүл Молдабай ұлттық бұйымдар, құрақ құрау, кесте тігу, киіз үй жабдығы сынды ата-бабамыздан келе жатқан қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады.
Оның айтуынша, көптен бері жеке кәсібін ашу жоспарда болған. Келіншек кәсіп бастауда кездесетін кедергілерді қалай жеңу керегін білмей біраз уақыт жоғалтып алған.
«Бастау» жобасы туралы ашық ақпарат көздерінен естіп, бірден қатысуға өтініш білдірдім. Жобаның осы бағытта үлкен жетістікке жетуіме көмегін тигізетініне сенімдімін. Басқа да жас кәсіпкерлерді, кәсіпкер болғысы келетін жандарды қатысуға шақырамын», – деді Сайрагүл Молдабай.
Жоба аясында оқу эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды. Оқу аяқталғаннан кейін түлектерге арнайы сертификат табысталды.
«Бастау» түлектерінің назарына: «Атамекен-Павлодар» микроқаржы ұйымы Павлодар қаласы Луговая көшесі, 16 мекенжайында орналасқан. Қосымша ақпарат алу үшін мына телефонға хабарласыңыз: 8/7182 / 65-33-50, 65-61-81, +7 775 889 52 52. Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері құжаттарды жинауға және несие алу үшін өтінім толтыруға көмектеседі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: