«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық кәсіпкерлерге Еуропа қайта құру банкінен грант алу жолы түсіндірілді

2022 жылғы 02 Маусым
- Қызылорда облысы
10565 просмотров

Кәсіпкерлер консалтинг қызметтерге төлеген қаржысының 50-75 пайызға дейінгі бөлігін қайтарып ала алады. Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы аясында консалтинг қызметтер құнын өтеу үшін грант (субсидия)алуға болады.

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен  өткен кездесуде айтылды.

Шараға ЕҚДБ-ның шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту жөніндегі маманы Мұрат Нарқұловпен облыстағы кәсіпкерлер қатысты.

Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов шараны өңір кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау тетіктерінен өзге де құралдарды таныстыру мақсатында ұйымдастырып отырғанын атап өтті.

Кездесуде ЕҚДБ өкілі шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламаның ерекшеліктерін, көрсетілетін қызметтер мен қатысуға қойылатын талаптарды, берілетін қаржы туралы түсіндірді.

«Бұрын грант 10 мың еуроға дейін болатын. Қазір ол шектеу алынды. Дәстүрлі субсидия, әдетте, жанармай, асыл тұқымды мал, жабдық, жөндеу немесе құрылыс жұмыстарына беріледі. Біз бұл айтқандардың ешқайсына қаржы бермейміз. Тек консалтинг, яғни кеңес беру қызметтеріне ғана субсидия (грант) береміз», – деді ЕҚДБ маманы Мұрат Нарқұлов.

Аталған консалтинг қызметтерге мыналар жатады:

  • интернет-дүкен, веб-сайт, мобильді қосымша әзірлеу;
  • бизнес-жоспар, ТЭН, жобалық-сметалық құжаттама, ҚОӘБ, интерьер дизайнын дайындау;
  • сатылым мен маркетинг қызметін оңтайландыру, нарықты зерттеу;
  • бизнесті автоматтандыру, CRM жүйесін енгізу;
  • үнемді өндіріс принциптері, Кайдзен;
  • өз франшизаңызды, брендіңізді дамыту, ілгерілету;
  • диханшылық және мал шаруашылығы саласындағы кеңестер;
  • қаржы менеджменті, сапа менеджменті (ISO, HACCP, GPP, GDP, GMP);
  • электр-энергиясын, жылуды, суды үнемдеу тетіктерін енгізу;
  • персоналды басқаруда тиімді жүйелер ұйымдастыру, KPI қалыптастыру, басқа дасалалар.

«Кеңес беру қызметтерінде бірінші қазақстандық мамандарға басымдық беріледі. Жерігілікті мамандар болмаған жағдайда шетелдік кеңесшілердің қызметі ұсынылады. Біздің бағдарламаға «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасындағы барлық басым салаға қатысушы кәсіпкерлер, қаржы айналымы 50 млн еуродан аспайтын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ бизнестегі қыз-келіншектер қатыса алады», – деді  Мұрат Нарқұлов.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер қолдау тетіктеріне қатысты сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Аймақ кәсіпкерлері осы және өзге де сұрақтарға қатысты Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Назым Мұрсалға 8 /7242/ 40-09-81 байланыс нөмірі арқылы хабарласып, кеңес ала алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер