«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астанада жиһаз жасаушылар Гильдиясының ІІІ Съезі өтті

2024 жылғы 18 Қараша
216 просмотров

Астанада ҚР жиһаз жасаушылар Гильдиясының ІІІ Съезі өтті. Ауқымды шараның негізгі мақсаты - жиһаз өнеркәсібін ілгерілету және дамыту.

Аталмыш Съезд жиһаз өнеркәсібіндегі кәсіпкерлер мен инвесторларға өзара тәжірибе алмаса отырып, пікір таластырған керемет алаң болды.

Спикерлер жиһаз әлеміндегі өзекті ақпараттар мен маңызды мәселелерге тоқталды.

Мәселен, Гильдия басқарма басшысы Қарлығаш Байбеченова отандық өнім өндірушілерді қолдау арқылы бизнестегі мәдениетті қалыптастыруға болатынын жеткізді.

«Біз өз жұмысымызды 2019 жылы бастадық. Алғашында біздің құрамда 5 қана компания болды. Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 40 компаниямен тығыз жұмыс істеудеміз. Мақсатымыз – жиһаз жасаушы кәсіп иелеріне ақпараттық және құқықтық қолдау көрсету. Осылайша отандық бизнестегі мәдениетті қалыптастыру.

Біз еліміз бойынша алғаш жиһаз дизайны мен станок операторы сынды кадр даярлайтын Академия аштық. Академияда мамандарды оқытып болған соң 100 пайыз жұмысқа орналастырамыз. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен қоян-қолтық жұмысымыздың арқасында біз осындай дәрежеге жетіп отырмыз. Алға қойған мақсатымыз биік, оны іс жүзінде дәлелдейміз», - деді Қарлығаш Байбеченова.

Дәлірек айтсақ, «Атамекен» ҰКП отандық жиһаз өндірушілердің мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуына жағдай жасау бойынша жүйелі істер атқаруда.

«Баршамыздың мақсатымыз да, мүддеміз де бір. Ол – отандық кәсіпкерлікті дамыту және қолдау. Бүгінгі Съезд осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Жиһаз өндірушілер саласындағы сатып алуларды реттеу бойынша біршама жұмыстар атқардық. Сатып алу саласында отандық кәсіпкерлерге дұрыс бағыт-бағдар беруге қашанда дайынбыз», - деді «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры - Сатып алуды реттеу департаментінің директоры Руслан Шоқаев.

Айта кетейік, Гильдияның келесі Съезі Түркістан қаласында өтетін болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер