Кәсіпкерлер үні назарға алып, даулы жағдайлар шешімін тапты
Тағы үш кәсіпкер өз құқықтарын қорғау үшін Алматы қаласының «Атамекен» палатасына жүгінді.
Жеке кәсіпкер Сейфуллин әділдік жолын іздей барлық инстанцияларды айналып өтіп, «Атамекен» өңірлік палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесіне жүгінді. Даудың мәні 4 сотық жер учаскесінде болды. Кәсіпкер оны жеке тұлғадан сатып алған. Ол, өз кезегінде аталмыш жер телімін тұрғын үй кешенін салушыдан сатып алған екен.
Алайда жердің жаңа иесі оны игере алмай отыр. Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының өкілі іс жүзінде меншік иесі жерді өз қалауы бойынша, бірақ қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы аясында пайдалана алатынын түсіндіреді. Белгілі болғандай, ол жоба бойынша бұл жер телімі абаттандыруға бөлінген. Яғни, иесі коммерциялық нысанды сала алмайды.
Кеңес мүшелері бірауыздан бұл жағдайда мәселені шешудің екі нұсқасы бар деген пікірге келді.
«Мұнда әкімшілік кодекс нормалары бұзылған. Негізделген бас тарту жауабы жоқ. Мұндай жағдайда жерді сатқан құрылыс салушының әрекетін заңсыз деп тану керек, немесе оны мемлекет мұқтажы үшін алып, кәсіпкерге шығын сомасын төлеу қажет», - деп атап өтті Кеңес төрағасы Бақытбек Бегалиев.
Бұл жағдай туралы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына Кеңес атынан хат жолдау, қосымша, бақылау ретінде, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктеріне хабарлама беру туралы шешім қабылданды.
Қалған екі шағым бір-біріне ұқсас болды. Құрылыс салушы кәсіпкерлерден 3 жылға дейінгі мерзімге орнатылатын жабдыққа кепілдік беруді талап етеді. Оны құрылыс компаниялары бере алмайды, себебі, өндірушілердің өздерінің беріп отырған кепіл мерзімі екі жылдан аспайды. Бұл мәселелер бойынша жабдықты өндірушілердің кепілдік міндеттемелерін қоса отырып, шартқа өзгерістер енгізу және мерзімдерін өзгерту ұсынылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: