«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сәнді медициналық киім тігеді

2016 жылғы 26 Шілде
- Павлодар облысы
15184 просмотров

Медицина қызметкерлері арасында «Лидер+» сауда маркасының өнімдері танымалдылыққа ие болып жатыр. Бұл компания ең абзал мамандық иелерінің көркін ашуға тырысуда 

Тігін цехының тарихы сонау 2004 жылдан басталады. Омбы қаласындағы көрмеден соң бірнеше ынталы жан алдарына мақсат қойып, павлодарлық емдеу-сауықтыру мекемелеріне арналған сәнді, сапалы медицина киімдер тігуді қолға алады.

Ақ халатты абзал жандардың көп жылдан бергі «Лидер+» өнімдерін таңдауы компания саясатымен түсіндіріледі. Олардың басты мақсаты сапа-сән-баға ұғымдарын сәйкестендіре білуінде. Медицина қызметкерлері соның нәтижесін лайықты бағалап отыр. Оның үстіне компанияның еңбек нәтижесі өңірде өткен «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінде көзге түсті. «Тұрғындарға арналған үздік тауар» аталымы бойынша «Исенова» ЖК ІІ орынды жеңіп алды.

Медицина киіміндегі сәнге қатысты, әрі кәсіби киімнің заманауи өндірісі мән-жайы туралы «Исенова» ЖК директоры Лилия Исенова әңгімелейді.

– Лилия Изельевна, айтыңызшы, кәсіпорын жұмыс істегелі қандай жетістіктерге қол жеткізді?

– 2004 жылы небәрі 8 адамның басын қосып, «Лидер+» сауда маркасымен медициналық халаттар шығара бастадық. Уақыт өте келе атымыз шықты. 2010 жылы біздің тігін цехымыз екі есе өсті. Жұмысшылар саны да өсті. Жаңа ғимаратқа көштік. Біз үшін зор мақтаныш – клиенттеріміздің ізгі лебізі. Алғыстарын айта отырып, жыл сайын біздің тіккен халаттар мен костюмдерді таңдап келеді. Өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіндегі жеңісімізді де үлкен жетістік деп есептеймін.

Өндіріс ауқымының ұлғаюы – бұл да зор көрсеткіш. Тұрақтылықтың белгісі. Қазіргі кезде біздің өнімнің кезекті каталогы дайындалып жатыр. Бізден шығатын әр халаттың жаңа нұсқасы бүкіл команданың еңбек нәтижесі ғой.

«Лидер+» маркасы тек Павлодарда ғана танымал емес. Біздің өнімді Қазақстанның көптеген қалаларында біледі. Тігін цехымыздың барлық өнімі Павлодарда шығарылады. Тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін кәсіби киімнен өзге медициналық мекемелерді бар қажетімен толық қамтамасыз етеміз: төсек жабдығы (жастық, төсек жапқыш, перде).

– Заманауи медицина киімі. Бұл ұғым бойына нені біріктіреді?

– Ұзақ уақыт бойы (КСРО кәсіпорындарында) кәсіптік киімге деген талап қатаң болатын. 90-жылдар осы қатаңдыққа өзгешелік әкелді. Киім мен аяқ киімді сан алуан етіп түрлендіруге мүмкіндік берді. Импорт киімдер қаптады. Кәсіптік киімге деген көптеген талаптарды жүйесіздендіріп жіберді.

Біздің тіккен киімдердің каталогын қарап көрсеңіз, ондағы халат, костюм, өзге де кәсіптік киім түрлерін көріп, саналуан түсті екенін байқайсыз, әртүрлі пішілген, фурнитурасы әркелкі, әр адам өз қалауын табады. 

Заманауи медицина костюмі мен халаты – ыңғайлы, көркем, әсем әрі қажетті қорғаныш қасиеті де бар. Саналуан түсті халаттар мен костюмдерді ұсынамыз. Мамандардың айтуынша, әдемі түс – ол да ем, киімнің түсімен-ақ науқастардың қату қабағын жазуға болады. Кейде ақ халаттың өзін неше түрлі етіп тігеміз, ерекше пішінге саламыз, ашық түсті фурнитура араластырамыз, басқаша болып шығады. Қазіргі кезде кәсіптік киім – адамды қоршаған ортаның жағымсыз әсерінен қорғау үшін ғана киілмейді, ол компанияның имиджін қалыптастыру үшін де маңызды.

– Кәсіпорынның жетістігі неге негізделген, қандай жаңашылдықты енгізіп жатсыздар?

– Сапа – біздің кәсіпорынның басты саясаты. Оның ар жағында жалпы медицина киіміне жүктелетін талай талаптар баршылық. Киімнің сапасының медицина қызметкерінің еңбек етуіне әсері мол. Әдемі, ыңғайлы, ұзақ уақытқа шыдас беретін сапалы киімге сұраныс көп. Тапсырыс беретіндер де аз емес. Халықаралық ірі кәсіпорындармен, мата өндірушілермен, аксессуар жасаушылармен серіктестік орнаттық. Тігінге тек сапалы маталарды қолданамыз. Заманауи технологияға сай келетін маталарды таңдаймыз. Біздің маталар – синергиялық әсері бар мақтадан, полиэфирден жасалған, олар гигроскопты, пилингке бой алдырмайды, аз умаждалады, дененің тыныстауына мүмкіндік береді.

Бәсекелестер көп. Осы жағдайда да өндірістің көлемін ұлғайтуға тырысып жатырмыз. Тігін өндірісі – өте бай, әрі қызықты әлем. Мұнда кемпірқосақтың түсінің бәрін көресіз. Оларды бедерлеп бір тігіске жатқызудың өзі ерекше құбылыс. Бүгінгі таңда тігін нарығы – қолөнер жаңа технологияға орын беріп жатқан жер. Қарапайымдылықты жарқын, әсем киімдер жеңіп кетіп жатыр. Жаңа тенденциядан қалыспауға барымызды саламыз. Ойға алған бір ісіміз – шеврон мен логотиптерді тігуді бастасақ дейміз. Осындай заттарды жасайтын цех ашсақ па деп жатырмыз. Тапсырыс беруші кәсіпорындар баршылық. Шеврон мен логотиптер – сұранысқа ие бұйымдар, ол ұжымдық ойдың рәмізі, жарнамалық мақсатта да жиі қолданылады.

– Өңірде өтіп жатқан «Қазақстанның үздік тауары» байқауына алғаш рет қатысып отырсыз ба?

– Байқау жыл сайын өтіп жатады. Бірақ біз бірінші рет қатысып отырмыз. Байқаудың ең есте қалған жері марапаттау сәті болды. Диплом алдық, ІІ дәрежелі белгі берілді, қаржылай сертификат ұсынды. Ұжымымыз зор қуанышта. Қызметкерлеріңнің мақтанышын ешбір ақшаға сатып ала алмайсың. Олардың еңбегінің бағалануы – керемет марапат. Мен басшы ретінде қызметкерлерім ең үздік болса екен деп армандаймын.

«Тұрғындарға арналған үздік тауар» аталымын жеңіп алуымыз – ортақ еңбегіміздің еленуі. Жүктейтін жауапкершілігі де жоқ емес. Осы мәртебемізге сай бола білуіміз керек. Яғни, үнемі сапаны көтеруіміз керек. Келешекте бірінші орын аламыз деп үміттенеміз. Байқауға қатысу біздің жаңа деңгейге көшуімізге себепші болмақ. Ондай жеңіс танымал етеді, біздің тұтынушыларымызды көбейтері сөзсіз.

Сатылымның көлемін арттыруға талпынбаймыз. Біз үшін бастысы – сапалы өнім жасап шығару. Біздің мақсат – өңірлерге өнімімізді шығару, дистрибьюторлық және бөлшек сауданы көбейту, көтерме сауда сатушыларымен келісу.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер